“Әлем қазақстандық мұнайға мұқтаж“ - энергетика министрі нарықтағы жағдай туралы
Әлемдік нарықтағы жағдай мен тасымалдау кезіндегі қиындықтарға қарамастан, Қазақстан неге мұнай өндіруді азайтпай отыр? Мәжіліс кулуарында журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке осындай сауал қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Толығырақ
Сауалға жауап берген министр қазіргі уақытта Қазақстан өз мүддесін басшылыққа алып отырғанын мәлімдеді.
"Мәселе мынада, бүгінгі таңда Қазақстан өз ұлттық мүддесіне сай әрекет етіп жатыр. Әлем қазақстандық мұнайға мұқтаж екенін білеміз. Біз серіктестеріміз үшін өте сенімді жеткізушіміз", – деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Мән-жайы
ОПЕК+ елдері, соның ішінде Қазақстан, мұнай өндіру квоталарын тағы да ұлғайту туралы келісті. Мұндай шешім 7 маусымда өткен альянсқа мүше мемлекеттердің онлайн-кездесуінде қабылданды.
Анықтама: ОПЕК+ - бұл ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) елдері мен басқа да ірі тәуелсіз мұнай өндірушілердің басын қосатын халықаралық мұнай альянсының кеңейтілген форматы. Бұл ерікті бірлестіктің басты мақсаты - әлемдік бағаны тұрақтандыру және котировкалардың күрт құбылуын болдырмау үшін мұнай өндіру көлемін бірлесе реттеу.
ОПЕК+ құрамындағы жеті ел - Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман мұнай өндірісін тәулігіне 188 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады.
Бұл өзгеріс 2026 жылдың шілдесінде өз күшіне енеді. ОПЕК+ мәліметінше, бұл шешім мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
