Қыстың бір түнінде Қ. аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Тілемсеков қырық түрлі ойға шомып, қырық рет қысылып, таң атқанша-ақ қырқылжың тартып, қартайып шығыпты. Түнімен көрген азабы аза бойын қаза етіпті. Бірде қабынып, бірде шабылып, түнімен көрмеген қорлығын көріпті. Қысқасын айтқанда бұл түнгі көрген азабы Данте жазатын тозақтан бір де былай болмапты. Кеш алдында ғана өзінің қылмысын білетін біреумен түс шайысып, жүз жыртысып қалған екен, түнімен дөңбекшіп шығатын кесел де нақ осыған жабысыпты. «Жатқан жыланның құйрығын бастым-ау, қушұнақ басым» деп өзін өзі жазғырыпты. Содан келіп төсегіне жатысы мұң екен, алғаны, асағаны, жұтқаны, құртқаны, қорқытқаны, үркіткені, тағы-тағылар көз алдынан өте беріпті. Бұрын оның бәрі көңіліне жай, ішіне май болып бітсе, бұл жолы қарысқан қарғыс, түйілген түйнек болып көрініпті. Өзі қолын бүгіп санай беріпті.