Шығыс Қазақстанда жүк тиегіш астында қалған жұмысшы қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында жүк тиегіштің астында қалған жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"24KZ" телеарнасы алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам техниканың артында болғанын хабарлады. Жүк тиегіш жүргізушісі оны байқамай, қозғалып кеткен. Жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Облыстық полиция өндірістегі адам өлімі фактісін растады.
"Шығыс Қазақстан облысының 56 жастағы тұрғынының өліміне байланысты Глубокое аудандық полиция бөлімі абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ведомство қазір істің мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын нақтылады.
Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, оқиғаның мән-жайын жарияламады.
Бұған дейін Павлодар облысында "Aqtogai Milk" ЖШС-нің алты қызметкерінің өліміне не себеп болғаны анықталды. Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 20 шілдеде жергілікті ірі сүт кәсіпорындары бірінің аумағында болған.
