Лифтілер бар, бірақ жұмыс істемейді: Алматыдағы жерүсті өткелдерінде не болып жатыр?
Алматы тұрғыны Бостандық ауданындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жеделсатылардың істемейтініне шағымданды. Қала тұрғынының айтуынша, бұл жағдай қимыл-қозғалысы шектелген азаматтардың өткелдерді пайдалануын қиындатып отыр. Әкімдік өкілдері көтергіштердің неге жұмыс істемей тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жеделсатылар орнатылған, бірақ әлі пайдалануға болмайды
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде әл-Фараби даңғылы бойындағы жерүсті өткелдерінде жеделсатылардың істемейтініне шағымданды. Оның айтуынша, кей жерлерде тіпті шақыру батырмасы да жоқ, ал батырмасы бар жерлердің өзінде жеделсатыны пайдалану мүмкін емес.
"Егер жеделсатыны шақыратын батырма болмаса немесе болған күннің өзінде ол істемей тұрса, өткелдерге мұндай жалған жеделсатыларды не үшін қоясыздар?" - деп жазды ол.
Жарияланым авторының сөзінше, бұл мәселе әсіресе мүгедектігі бар адамдар мен өзге де қимыл-қозғалысы шектелген азаматтар үшін өте өзекті. Ол мұндай жағдайда олар жолдан қалай өтеді деген сұрақ қойды.
Жұмыстар жүргізіліп жатыр
Жеделсатылар істемей тұрған, ал кейбір өткелдерде пандустар да жоқ жағдайда қимыл-қозғалысы шектелген азаматтар жолдан қалай өтеді деген сұрақты Бостандық ауданы әкімдігіне жолдадық.
Әкімдіктегілер барлық өткелде абаттандыру жұмыстары аяқталып жатқанын хабарлады.
Ауданда барлығы 7 жерүсті өткелі бар. Әкімдік мәліметінше, әл-Фараби мен Марков көшелерінің қиылысындағы өткелге биыл күрделі жөндеу жүргізілген.
"Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстарды қабылдау жүргізіліп жатыр, жекелеген аяқтау және абаттандыру жұмыстары орындалып жатыр. Өткел 2 жеделсатымен және 2 көтергіш платформамен жабдықталған", - деп сендірді әкімдіктегілер.
Бүгінде бұл өткелдің көрінісі мынадай:
Жерүсті өткелі. Алматы: әл-Фараби - Марков. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Жеделсатының сол және оң жағында орналасқан баспалдақтардың бір жағында пандустар жоқ.
Есесіне жеделсаты шахталары 2025 жылғы қараша айымен салыстырғанда өзгеше көрінеді. Ол кезде Tengrinews.kz журналистері қалалық ортаның мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін тексеріп, рейд жүргізген болатын. Ол уақытта көтергіштердің есігі шыныдан жасалып, оның ішкі-сыртқы жағдайын бағалауға болатын еді. Қазір мұнда металл жылжымалы есіктер орнатылған.
Жерүсті өткелі. Алматы: әл-Фараби - Марков. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Бұл жерде жеделсатыны шақыру батырмасы бар. Бірақ, құрылымына қарағанда, ол тек арнайы кілттің көмегімен жұмыс істейді - бұл туралы төменде тоқталып өтеміз.
Жерүсті өткелі. Алматы: Әл-Фараби - Марков. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Келесі жерүсті өткелі Әл-Фараби мен Ходжанов көшелерінің қиылысында орналасқан. Әкімдіктің хабарлауынша, ол жерде де биыл жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жерүсті өткелі. Алматы: әл-Фараби - Ходжанов. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
"Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстарды қабылдау жүргізіліп жатыр, кейбір аяқтау және абаттандыру жұмыстары орындалып жатыр. Өткел 2 жеделсатымен және 1 көтергіш платформамен жабдықталған", - деп хабарлады әкімдік.
Бұл өткелдің маңында әлі де ашық жатқан құрылыс материалдарын көруге болады.
Жерүсті өткелі. Алматы: әл-Фараби - Ходжанов. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Тұтастай алғанда, мұнда да, онда да аяқталмаған ұсақ-түйек жұмыстар көзге түседі.
Жерүсті өткелі. Алматы: әл-Фараби - Ходжанов. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Әл-Фараби мен Сырғабеков көшелерінің қиылысындағы өткел де биыл жөнделді. Мұнда әлі де әрлеу жұмыстарымен айналысып жатқан жұмысшыларды кездестіруге болады.
Алматыдағы әл-Фараби – Сырғабеков өткелі. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Кейбір жерлерде құрылыс сатылары әлі тұр. Бірақ жеделсатылар жаңарған көрінеді.
Алматыдағы Әл-Фараби – Сырғабеков өткелі. Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Саин - Асқаров және Әл-Фараби - Гагарин қиылыстарындағы жерүсті өткелдері де осындай жағдайда. Бұл нысандарда жөндеу жұмыстары биыл аяқталды, олардың әрқайсысы екі жеделсатымен жабдықталған.
Ал ең көп пайдаланылатын өткелдердің бірі - Тұңғыш Президент саябағына апаратын әл-Фараби мен Мұстафин көшелерінің қиылысындағы өткел - әлі де қоршаумен қоршалған. Оның артында үйіліп жатқан құрылыс қоқыстары мен материалдарын көруге болады.
Алматыдағы әл-Фараби - Мұстафин қиылысындағы жерүсті өткелі / Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Мұнда әлі күнге дейін өткен жылдың қарашасындағы алғашқы рейдіміз кезінде де істемей тұрған ескі жеделсатылар тұр. Ол кезде кабиналарға апаратын дұрыс жол да болмаған еді: ыңғайлы жолдың орнына - қираған асфальт пен тастар. Содан бері ештеңе өзгермеген.
Алматыдағы әл-Фараби - Мустафин көшелерінің қиылысындағы жерүсті өткелі / Фото: Тengrinews.kz / Светлана Антонова
Бұған дейін жергілікті атқарушы орган Тұңғыш Президент саябағының жанындағы өткел саябақтың өзін күрделі жөндеу аясында жаңартылатынын мәлімдеген болатын.
Алматыдағы әл-Фараби - Мустафин көшелерінің қиылысындағы жерүсті өткелі / Фото: Тengrinews.kz/Светлана Антонова
Әкімдік бұл нысанға күрделі жөндеу 2018 жылы жүргізілгенін және кепілдік мерзімі аяқталғанын қосып өтті.
Бостандық ауданындағы тағы бір жерүсті өткеліне - Дулати мен Әл-Фараби қиылысында - күрделі жөндеу 2018 жылы жасалған. Оның да кепілдік мерзімі аяқталды.
Лифтілер қашан іске қосылады?
Әкімдіктің мәліметінше, Бостандық ауданындағы 7 жерүсті және 12 жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде мүмкіндігі шектеулі жандардың нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 14 лифт пен 16 көтеру платформасы орнатылған.
"Бүгінгі таңда аталған жабдықтарды қосу жұмыстары орындалды", - деп сендірді аудан басшылығы.
Әкімдік лифтілер барлық жұмыстар аяқталып, өткелдер қабылданғаннан кейін және жабдықтар оған жауапты ұйымға өткізілген соң жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Бұл нақты қашан болатыны әзірге нақтыланбаған.
Лифтілерді кімдер пайдалана алады?
Әкімдік лифтілер мен көтеру платформалары ең алдымен мүгедектігі бар жандар мен қарт адамдарға арналғанын түсіндірді.
Оларды арнайы кілттердің көмегімен пайдалануға болады. Кілттер әлеуметтік қорғау органдарының тізімі негізінде жүріп-тұруы шектелген азаматтар мен қарттарға беріледі. Әкімдіктің мәліметінше, кілттерге тапсырыс беріліп қойған.
"Жеке қолжетімділік жүйесі жабдықтың сақталуын қамтамасыз ету, вандализмнен және оны рұқсатсыз пайдаланудан қорғау үшін қажет", - деп түсіндірді ведомство.
Қазіргі уақытта қалалық қызметтер лифтіні пайдалану жүйесін ONAI картасымен байланыстыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Әкімдік бұл пайдаланушыларды сәйкестендіруді жеңілдетеді деп есептейді.
Сонымен қатар балалар арбасы бар ата-аналар мен жүріп-тұруы уақытша шектелген адамдардың лифтіні пайдалана алатын-алмайтыны әзірге шешілген жоқ.
Қолжетімділік тәртібі барлық қажетті процедуралар аяқталып, жабдықтар қызмет көрсететін ұйымға өткізілгеннен кейін түпкілікті айқындалады.
Абаттандыру қаншаға түсті және лифтілерге кім қызмет көрсетеді?
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылдың шілдесінде Бостандық ауданының әкімдігі жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін күрделі жөндеуден өткізуге тендер өткізгенін жазған болатынбыз. Конкурс қорытындысы бойынша "IZI Company KZ" ЖШС мердігер ұйым болып таңдалды. Жөндеудің жалпы құны: жерүсті өткелдері - 390,8 миллион теңге, жерасты өткелдері - 460,5 миллион теңгені құрады.
Биыл әкімдік біздің сауалымызға берген жауабында 5 жерүсті және 5 жерасты жаяу жүргіншілер өткелін күрделі жөндеу 437,7 миллион теңге болатынын хабарлады.
Нысандардағы жұмыстар іс жүзінде 2025 жылдың тамызында басталды. Жұмысты аяқтаудың бастапқы мерзімі 2025 жылдың желтоқсанына дейін деп белгіленген.
"Мердігер ұйымның жұмысты уақтылы орындамауына байланысты аяқтау мерзімі 2026 жылдың сәуіріне дейін ұзартылды. Сонымен қатар белгіленген ұзартылған мерзімде де жұмыстар аяқталған жоқ", - деп атап өтті жергілікті атқарушы орган.
Өткелдер пайдалануға берілгеннен кейін оларға техникалық және санитарлық қызмет көрсетумен үш жылдық шарт негізінде "ЕвразияКазИнвест" ЖШС айналысады. Құжаттың қолданылу мерзімі 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады.
Әкімдік мәліметінше, жаяу жүргіншілер өткелдеріне 2026 жылға арналған қызмет көрсету құны 83,2 миллион теңгені құрайды.
