Юлия Путинцева US Open турнирінің екінші айналымына шықты
Юлия Путинцева US Open турнирінің бастапқы кезеңінде сенсация жасады - қазақстандық теннисші турнирдің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Tengri Sport US Open баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Путинцева US Open жартылай финалисі, әлемнің 12-ракеткасы Белинда Бенчичке қарсы матч өткізді.
Қарсыластар кортта үш сағат бойы өнер көрсетіп, матч 4:6, 7:5, 6:3 есебімен аяқталды.
Енді Юлия Путинцева қытайлық Циньвэнь Чжэнмен кездеседі.
Қазақстандықтар үшін US Open турнирінің жекелей сындағы алғашқы айналымы аяқталды – төрт спортшының ішінен тек Александр Шевченко ғана келесі кезеңге өте алмады.
Бұған дейін турнирдің екінші айналымына Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина шыққан болатын. Бірінші айналымдағы матчте қазақстандық теннисші АҚШ-тан келген әлемнің 585-ракеткасы Ти Фродинды (WC) 6:3, 6:2 есебімен жеңді. Теннисшілердің кездесуі 1 сағат 15 минутқа созылды.
