Жүргізушілер Жезқазған – Арқалық тасжолындағы екі үлкен шұңқырға шағымданды
Жезқазған – Арқалық тасжолының Ұлытаудан шамамен 90 шақырым жерінде пайда болған екі үлкен шұңқырға жүргізушілер шағымданды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Желіде тараған видеода бұл учаскеге бір ғана ескерту белгісі қойылғаны көрінеді. Жүргізушілер әсіресе қараңғы уақытта көліктердің шұңқырға түсіп кетуінен қауіптенеді.
Видеодан скриншот
"ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің хабарлауынша, KAZ13 Жезқазған – Арқалық – Петропавл тасжолының 193-тен 208-шақырымға дейінгі учаскесінде 2025 жылы орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Жолға екі жылдық кепілдік мерзімі белгіленген.
Кепілдік мерзімі кезінде жол төсемінің кейбір учаскелерінде топырақтың ісінуі (пучина) анықталды. Осыған байланысты оларды жою және жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
"ҚазАвтоЖол" ақпаратынша, 29 тамызда 193-тен 208-шақырымға дейінгі учаскеде бұрын анықталған ісінулерді жою жұмыстары атқарылды. Жұмыс орны ескертуші жол белгілерімен белгіленді.
Фото: "ҚазАвтоЖол"
Сол күні жұмыстар аяқталып, жол төсемі қозғалыс үшін қауіпсіз жағдайға келтірілген.
