“Бұрын-соңды болмаған жоғары деңгей“: Тоқаев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын бағалады
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Астана Бейжіңмен жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға, оның мазмұнын байытып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашуға ниетті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Синьхуа" агенттігіне берген эксклюзивті жазбаша сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.
Мемлекет басшысы екі елді тек ортақ шекара емес, сонымен бірге көпғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.
"Халықта "Жолы бірдің – жүгі бір" деген жақсы мәтел бар. Екі елдің дәл осындай өзара қарым-қатынасы халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы саналады", - деді Тоқаев.
Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ілтипаты үшін алғыс айтты.
"Біздің тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің басты өзегіне айналды", - деп толықтырды ол.
Саудадан цифрландыруға дейін
Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы жекелеген экономикалық бағыттар шеңберінен әлдеқашан шығып, іс жүзінде барлық негізгі саланы қамтып отыр.
"Біздің стратегиялық серіктестігіміз нағыз ауқымды сипатқа ие болды. Ол сауда, инвестиция, энергетика және көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі салаларды қамтыды", - деп атап өтті Президент.
Қазақстан-Қытай саудасы рекордтарды жаңартуды жалғастырып жатыр. Тоқаевтың сөзінше, Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орынды иеленеді.
Ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі – көлік және логистика. Қазақстан өзінің географиялық орналасуының арқасында Шығыс пен Батысты байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді.
"Қытайлық серіктестермен бірлесе отырып, біз бұл географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып жатырмыз. "Белдеу және жол" мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының түбегейлі жаңа конфигурациясын қалыптастырады", - деді Тоқаев.
Орта дәлізді бәсекеге қабілетті етпек
Көлік саласындағы ынтымақтастықта Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз ерекше орын алады. Президенттің айтуынша, ол Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды буынға айналған.
"Біздің ортақ міндетіміз – бұл бағытты барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан біз "ақылды кеденді" енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді үндестіруге, шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға ерекше мән береміз", - деп қадап айтты Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы біртіндеп жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті. Экономиканың дәстүрлі салаларынан бөлек, елдер цифрлық экономика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше Қазақстан Президенті Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты. Өз сөзінде Тоқаев ұйымның ортақ стратегиялық міндеті ретінде – күш қолдану мен текетірестің орнына өзара жауапкершілік, бірлескен даму және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнайтын әлемдік тәртіпті қалыптастыруды атады.
