Бибосынов пен екі дүркін Олимпиада чемпионының реваншы: бокс федерациясы мәлімдеме жасады
Өзбекстан кәсіпқой бокс федерациясының баспасөз қызметі әлеуметтік желілерінде Олимпиада чемпионы Хасанбой Досматов пен әлем чемпионы, қазақстандық Сәкен Бибосынов арасындағы ықтимал жекпе-жекті талқылады.
Досматовтың айтуынша, мұндай кездесу өткізуге болады, бірақ боксшылар бір салмақта болуы тиіс.
"Өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Досматов пен Қазақстан өкілі Сәкен Бибосынов арасында кәсіпқой рингте тағы бір жекпе-жек өтуі мүмкін. Хасанбой Досматовтың айтуынша, бұл кездесуді ұйымдастыруға негізгі кедергі - салмақ дәрежелерінің айырмашылығы. Сонымен қатар өзбек чемпионы болашақта мұндай жекпе-жектің болу мүмкіндігін жоққа шығармады", - деп жазды кәсіпқой бокс федерациясы әлеуметтік желіде.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Uzbekistan Professional Boxing Federation (@proboxing_uzbekistan) жарияланымы
Бибосыновтың Олимпиада чемпионымен реваншы: Қазақстанның жауабы
Tengri Sport тілшісі Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбековке хабарласып, ықтимал жекпе-жек туралы мән-жайды және оның пікірін білді.
Ол кәсіпқой бокстағы жекпе-жектің спортшылар үшін үйреншікті форматтан айтарлықтай ерекшеленетінін мәлімдеді.
"Әуесқой бокста олар бірқатар өте ауыр жекпе-жек өткізді. Екеуі де - Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары, өте жоғары деңгейлі боксшылар. Бұл текетірестің кәсіпқой рингке ауысуы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Үйреншікті үш минуттық үш раундтың орнына 8, 10 немесе 12 раундтық формат пен қашықтық мүлдем басқа тактикалық кемелдікті, күшті дұрыс бөлуді және кәсіпқой қолғаптармен жұмыс істеуді талап етеді", - деді Рақымжан Ерденбеков Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Дегенмен, ол бұл оқиғаның халықаралық промоутерлер арасында үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
"Мұндай текетірес Орталық Азия шеңберінен шығып кетеді. Ол Ташкенттегі, Астанадағы немесе тіпті Таяу Шығыстағы бокс кешінің басты жекпе-жегіне айналып, халықаралық промоутерлердің зор қызығушылығын тудыра алады.Өз тарапымыздан біз әрдайым жоғары деңгейдегі бәсекелестікті қолдаймыз. Егер промоутерлер регламент, қаржылық жағдайлар мен мерзімдер бойынша келісе алса, бұл жекпе-жек әлемдік бокс қауымдастығы үшін нағыз сый болар еді", - деп толықтырды федерация президенті.
Бибосынов пен Досматов рингте 4 рет кездескен
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Досматов бұған дейін әуесқой рингте кездескен. Олар алғашқы жекпе-жегін 2021 жылы Белградтағы (Сербия) әлем чемпионатында өткізді. Кездесу 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен қазақстандықтың жеңісімен аяқталды.
Содан бері Хасанбой Досматов үш рет қатарынан басым түсті: Аммандағы Азия чемпионатында (Иордания, 2022), Ханчжоудағы Азия ойындарында (Қытай, 2023) және Париждегі Олимпиада ойындарында (Франция, 2024).
“Ол маған қызық емес“: Әлімханұлы жекпе-жек алдында әлем чемпионы туралы пікір білдірді
