Қазақстандық бұрынғы сүйіктісін сотқа беріп, жұмсаған ақшасын қайтаруды талап етті
Жамбыл облысының тұрғыны қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін бұрынғы сүйіктісінен 2,5 миллион теңге өндіріп алмақ болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қордай аудандық сотында жеке қарым-қатынас тоқтағаннан кейін негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы талап арыз қаралды.
"Талап қоюшы отбасын құру ниетімен қызбен 4-5 ай бойы жақын қарым-қатынаста болғанын айтты. Ол жауапкерге және оның екі баласына қаржылық қолдау ретінде ақша жіберіп тұрған. Байланыс тоқтатылғаннан кейін талап қоюшы барлық ақшаны қайтаруды талап еткен, алайда жауапкер ақшаны қайтарудан бас тартып, оны бұғаттап тастаған", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Тараптардың ұстанымы
Талап қоюшы берген ақшасы қайтарылуы тиіс екенін алға тартып, жауапкерден 2,5 миллион теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу шығынын өндіріп алуды сұрады.
Жауапкер талап арызды мойындамады. Ол ақшаның ерікті түрде дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да тұрмыстық қажеттіліктерге берілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, тараптар арасында қаражатты қайтару бойынша ешқандай міндеттеме болмаған.
Сот шешімі
Сот ақшаны талап қоюшы өз еркімен аударғанын және өтеусіз материалдық көмек сипатында болғанын анықтады.
Ақша қайтару немесе келісімшарттық міндеттемелер аясында берілгенін растайтын дәлелдер ұсынылған жоқ.
Нәтижесінде сот шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай 2025 жылғы сәуірде Астанада болған еді. Ол кезде ер адам бұрынғы сүйіктісінен 5 миллион теңге өндіріп алмақ болған.
