Қазақстандық ең бай әйелдер тізімі алғаш рет жарияланды
Forbes Women Kazakhstan басылымы Қазақстандағы ең ауқатты іскер әйелдердің жеке рейтингін жариялап, елдегі әйел капиталының құрылымын алғаш рет бөлек талдады. Басылым дерегінше, тізімге енген 25 іскер әйелдің жиынтық байлығы шамамен 8,1 млрд доллар, оның 67% бір ғана қатысушының үлесіне тиесілі, ал жалпы капиталдың 87 % алғашқы бестіктің еншісінде.
Рейтингті Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева бастап тұр. Басылым оның байлығын 5,4 млрд доллар деп бағалаған. Оның активтерінің негізгі бөлігін жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге иелік ететін "АЛМЭКС" арқылы Halyk Bank-тегі 61,99% үлес, сондай-ақ Mercury Properties коммерциялық жылжымайтын мүлік капиталы құрайды. Forbes мәліметінше, Halyk Bank-тің Лондон қор биржасындағы депозитарлық қолхаттары бір жылда 48% қымбаттаған.
Тізімдегі екінші және үшінші орындарға тиісінше Мұқадасхан Ибрагимова ($650 млн) мен экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева ($550 млн) жайғасыпты. Ибрагимованың капиталы Eurasian Resources Group пен Eurasian Financial Company құрылымдарындағы үлестерге негізделсе, Назарбаеваның активтері медиа және жарнама секторларындағы үлестермен байланысты. Рейтингтің жоғарғы бөлігінде сондай-ақ Анжела Сәрсенова ($249 млн) және Айжан Есім ($207 млн) бар.
Басылымның бағалауынша, тізімдегі байлықтың 85-90% отбасылық немесе серіктестік активтерден құралған. Соған қарамастан, әйелдер капитал иесі ғана емес, бизнесті басқарушы және жаңа бағыттарды әртараптандырушы ретінде де танылып отыр. Бұл әсіресе рейтингтің орта тұсындағы ритейл, білім, қаржы және қызмет көрсету секторларынан байқалады.
Салалық құрылым бойынша ең ірі капиталдар шикізат, энергетика, қаржы, девелопмент және коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлікке шоғырланған. Сонымен бірге премиум ритейл, зергерлік бизнес, агроөнеркәсіп және баспа ісі де рейтингтің маңызды сегменттері ретінде аталған.
