"Атажұрт" белсенділерінің ісі бойынша айыпталғандардың жартысына прокурор 5 жыл түрме жазасын сұрады
Тіркелмеген "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісі бойынша сотқа тартылған 18 адамға прокурор 5 жыл бас бостандығынан айыру не сол мерзімге шартты жаза сұрады. Бұл жөнінде айыпталған азаматтардың адвокаты Шынқуат Байжанов Азаттыққа хабарлады. Ол айыпкерлердің "жартысына" түрме жазасы сұралғанын айтты, бірақ нақты кімдерге екенін айта алмайтынын хабарлады.
"Оны кейін үкім шыққан соң ғана айта аламын", – деді Байжанов.
Адвокаттың айтуынша, 9 сәуірде сотта айыпталушылардың соңғы сөз сөйлеуіне мүмкіндік беріледі, содан соң үкім оқылады.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 19 адамның үстінен қозғалған "ұлтаралық араздықты қоздыру" ісін 2026 жылғы қаңтардан бері жабық жағдайда қарап жатыр. Қатысушылардың іс бойынша ақпарат беруіне рұқсат жоқ.
Айыпталушылардың бірінің өтініші бойынша сот істі жабық қарау туралы ұйғарымға келген.
Тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының белсенділері, оларды қолдаушылар және басқа да адамдардың үстінен 2025 жылдың соңында қылмыстық іс қозғалған.
Іске былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық түрткі болған. Наразылық кезінде олар Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген.
Наразылар Шыңжаңда қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен. Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен.
Белсенділер әуелі әкімшілік жауапқа тартылды, кейін оларға қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Қазір олардың 13-і – қамауда, алтауы үйқамақта отыр.
Азаттық сот материалдарын зерделеп, қылмыстық істі қозғауға Қытайдың Астанаға жіберген дипломатиялық нотасы негіз болғанын анықтаған. Сот материалдарында Қазақстанның тергеу органдары "Ұлттық, этностық не өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғауға Пекиннің дипломатиялық нотасы негіз болған деп жазылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Қытай елшісіне бұл оқиға туралы ақпарат бергенін ғана айтты.
Amnesty International, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары және АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн "Атажұрт" белсенділерін босатуға шақырған.
Сот процесі басталардың алдында және процесс барысында "Атажұрттың" өзге белсенділері қысым көргенін айтып шағынған.
