Күдікті Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханада - ІІМ
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысы Жангелдин ауылындағы отбасын өлтіру ісіне қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әділовтің айтуынша, іс бойынша екі күдікті бар, олардың бірі - күдіктінің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева. Ол сараптама жүргізу үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылған.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. Жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ішкі істер министрлігінен Атырауға барып, бұл қылмыстық істің барысын естіп тұрамыз", - деді ол.
Әділовтің сөзінше, қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық кешенді сот-психолого-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр.
"Ол да күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Стационарлық, кешенді тексеру, сот-психолого-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады министрдің орынбасары.
Ол іс бойынша әзірге жаңа күдіктілер жоқ екенін нақтылады.
Сараптама тағайындау себебі туралы сұраққа жауап бере отырып, вице-министр тиісті шешім жиналған материалдар мен күдіктінің мінез-құлқына негізделіп қабылданғанын атап өтті.
"Оның іс-әрекеттерінде де, алғашқы берген жауаптарында да сараптама тағайындауға негіз болды. Сондықтан осы сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдадық", - деді ол.
Бір отбасының өліміне қатысты іс
2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға Атырау облысының Жангелдин ауылында отбасы жоғалып кеткен туралы туыстары хабарлаған. Құқық қорғау органдары мәліметінше, жергілікті тұрғын өзінің ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы қарашадан бері байланысқа шықпай жүргенін айтқан.
Кейін отбасы үйінен шығып кеткені, содан бері олардың қайда екені туралы ешқандай ақпарат болмағаны белгілі болды.
Фото: полицияның баспасөз қызметі
Төрт адам іздестірілді:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.
6 қаңтарда полицейлер зейнеткер ерлі-зайыптының мәйітін тапты. Осыдан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны, отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев.
Күдіктіні іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізді.
24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Сондай-ақ, марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды.
9 наурыз кешке Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіті табылғаны белгілі болды. Оларды басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын жалға алған үйдің ауласынан тапқан.
11 наурызда Атырау облысында ұзақ іздеу жұмыстарынан кейін мәйіттері табылған Наурыз бен Мирамгүл Мұқанғалиевтерді жерлеу рәсімі өтті.
Ерлі-зайыптыларды жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда, полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы – Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.
Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Күдіктілердің Индонезияда ұсталуы
24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақ үйлердің бірінде ұсталды.
Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.
Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттері табылды
9 наурыз күні кешке күдікті ерлі-зайыпты Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Онда Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.
Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау түбіндегі Геолог мөлтек ауданынан табылған. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген екен.
11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында ағалы-қарындасты жерлеу рәсімі өтті.
Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды
Туыстары редакция тілшісіне бұл бүкіл әулет үшін орны толмас қайғы екенін айтып, әзірге ешқандай түсініктеме беруге дайын емес екендіктерін жеткізді.
"Ағасы мен қарындасы қарапайым әрі мейірімді жандар еді, қолда барын бөлісуге әрдайым дайын болатын. Ешкімге зияны жоқ еді. Оларды ата-анасының жанына жерледі", - деді туыстарының бірі.
Күдіктіге тағылған жаңа айып
Бұған дейін ІІМ редакцияның ресми сауалына берген жауабында күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты енді Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған болатын:
99-баптың 2-бөлігі – "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру".
188-баптың 2-бөлігі – "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық".
Ведомство сотқа дейінгі тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады, бірақ ресми жауапта күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның іс-әрекетіне құқықтық баға берілмеген.
