Ақмола облысында бөгет бұзылды: тасжолды су басқан жоқ
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылының маңында "Шөптікөл" бөгеті бұзылып, салдарынан су алқаптар арқылы елді мекен бағытына жайылып жатыр.
Ведомство су ағыны Астана - Қорғалжын республикалық тасжолының 75-шақырымынан өтіп жатқанын нақтылады.
"Су жолдың жүру бөлігіне жайылған жоқ. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық филиалының жол қызметтері ахуалды тұрақтандыру бағытында жедел шаралар қабылдауда. Жұмыстарға 14 бірлік арнайы техника мен 30-дан астам жол маманы тартылған. Инертті материалдарды дайындау және оларды жеткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде", - деп хабарлады "ҚазАвтожолдан".
Аталған учаскеде үш көзді су өткізу құбыры қалыпты режимде жұмыс істеп, судың толық көлемде кедергісіз өтуін қамтамасыз етуде.
"Жол төсемі бүтін, автокөлік қозғалысы ашық", - деп сендірді "ҚазАвтоЖолдағылар".
