Қапшықтар, өзендердегі жарылыс, 12 мың техника. Қазақстан тасқынға қалай дайындалып жатыр?
Көктем келіп, күн жылына бастаған тұста Қазақстанның бірнеше өңіріне тасқын қаупі төнді. Қазір үкімет, төтенше жағдай мекемелері мен облыс, аудан, ауыл басшылары тасқынның алдын алу үшін өзендерді жарылғыш заттармен жарып, қапшық, техника дайындап жатыр.
"КҮН +22 ГРАДУСҚА ДЕЙІН ЖЫЛИДЫ""Қазгидромерттің" болжамынша, Ақмола, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды өңірлерінде тасқын қаупі бар. Бұған қоса, Ақтөбе облысында да тасқынға дайындық жүріп жатыр.
"Қазгидромет" Шығыс Қазақстан (ШҚО) және Абай облыстарында 23 наурыздан соң температура +13 градусқа дейін көтеріліп, жаңбыр жауатынын, Батыс Қазақстанда 24-30 наурыз арасында күн +22 градусқа дейін жылып, жауын жауатынын хабарлады. Мұның бәрі өңірлерде қардың күрт еруіне, өзен, каналдардың арнасынан асуына әкелуі мүмкін.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, ШҚО-да әскерилер 3800 метр арықты, су өткізетін 19 құбырды, жеті көпірді тазалаған. Бұған қоса, 450 қап дайындаған. Бұл облыста өзендердегі мұзды жарылғыш заттармен жару процесі жүргізілген.
Солтүстік Қазақстанда да мұздарды жарылғыш заттармен жару жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстағы Қарасу және Имантау өзендерінде 900 шаршы метр мұзды арнайы әдіспен жарған. Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы өзендерде 1344 шаршы метр мұзды жарылғыш заттармен жарғаны хабарланды.
ӨЗЕНДЕРДЕ 191 ЖАРЫЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫАл төтенше жағдай министрлігі Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарындағы өзендерде 191 жарылыс ұйымдастырылып, өзендерде 31 560 метр жерде мұз жарылғанын мәлімдеді.
Ақмола облысы төтенше жағдай департаменті өңірдегі 144 елдімекен құтқарушылардың бақылауында екенін мәлімдеді.
Қазақстанда өзендерді жарылғыш затпен жару процесін америкалық ABC News телеарнасы көрсетіп, америкалық көрермендер "бұл балықтар мен өзен тіршілігіне кері әсер етпей ме?" деген сауал қойып жатты.
Сарапшылар мұндай жарылыстар шынымен өзендердің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін дейді, бірақ тасқынның өзендегі тіршілікке зияны оданда көп екенін айтады.
ҚАУІП ТӨНГЕН ОБЛЫСТАРҒА ПРЕМЬЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАРҒАНПремьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тасқын қаупі төнген төрт облысты аралап шыққанын, отыздан астам елдімекенге қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді.
"Дайындық қызу жүріп жатыр. Дайындық жоспарының 92 пайызы орындалды. Тиісті топтарда 30 мың адам бар, 12 мың техника дайын. Қапшықтар да дайындалды. Ақмола, Қарағанды, ШҚО, Абай аудандарына арықтарды, каналдарды тазартуға тапсырма бердім" деді ол 20 наурызда журналистермен брифингте.
Вице-премьердің сөзінше, тасқынға жердің ылғалдығы, жердегі тоң, қалың қар мен қатқан мұз себеп болуы мүмкін.
2024 жылы сәуір-мамырда Қазақстан тасқын болып, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында мыңдаған үйді су басып, 20 мыңнан аса адам эвакуацияланған.
Сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тасқынды "бұрын-соңды болмаған ең жойқын табиғи апат" деп атаған. Билік тасқыннан зардап шеккен 33 мыңнан аса отбасына 369 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы берген. Ал бес мыңға жуық отбасыға жаңа үй берілген. Көмекке шамамен 260 млрд теңге бөлінген.
2024 жылы "Қазгидромет" ақпанның басында тасқын туралы алдын ала болжамды, ал 1 наурызда негізгі болжамын жариялаған. Ауа райын болжау мекемесі елдегі бірнеше облысқа тасқын қаупі төнгенін мәлімдеген. Бірақ әкімдіктер мен төтенше жағдай мекемелері тасқынға дайын болмай шыққан. Үкімет те тасқынға дайындық дұрыс жүрмегенін мойындаған еді.
