Трамп есірткі картельдеріне қарсы әскери коалиция құрылғанын жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп "картельдерді жою" мақсатында жаңа әскери коалиция құрылғанын мәлімдеді. Ол жаңа альянсқа қазірдің өзінде 17 мемлекет қосылғанын айтты.
Трамп мәлімдемесін 7 наурызда Майамиде өткен "Америкалар қалқаны" саммиті кезінде жасады. Жиында АҚШ президенті Латын Америкасының бірқатар елдері – Аргентина, Парагвай, Боливия, Сальвадор, Эквадор, Гондурас, Перу және өзге мемлекеттердің жетекшілерімен кездесті. Кездесуге негізінен АҚШ-қа жақын саясат ұстанатын үкіметтер қатысты.
Пентагон өкілдері АҚШ тіпті серіктестерінің қолдауынсыз-ақ Латын Америкасындағы наркокартельдерге соққы беруге дайын деп мәлімдеді. Аймақта америкалық әскери іс-әрекеттер мен арнайы операцияларды кеңейту – Вашингтонның ықпалын жүргізудің жаңа бір бөлшегі ретінде қарастырылып отыр.
Бұған қоса президент Трамп Кубаның Вашингтонмен келісім жасауға ниет танытып отырғанын мәлімдеп, олар өзімен және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Қаңтардың аяғында АҚШ президенті Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай жеткізетін елдерге бажын енгізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған еді. Сол кезде Ақ үй Куба режимі АҚШ-қа жау елдермен және ниеті бұзық құрылымдармен ауызжаласып, өз аумағына олардың әскери және барлау нысандарын орналастырған деп мәлімдеген. АҚШ жағы бұған дәлел ретінде Кубада жайғасқан Ресейдің шетелдегі ең ірі радиоэлектрондық барлау орталығын атап, олар "құпия ақпаратты ұрлаумен" айналысып, Американың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген.
