Әзербайжан президенті Нахчыванға шабуылды "террор акті" деп атады
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Нахчыван аймағына жасалған дрон шабуылын өткір сынап, оны "Әзербайжан аумағына, Әзербайжан мемлекетіне қарсы террор актісі" деп атады.
"Иранның ресми өкілдері Әзербайжан тарабына түсініктеме беріп, кешірім сұрауы қажет. Ал террор актісін жасағандар қылмыстық жауапқа тартылуы керек" деді Әлиев қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі де шабуылды айыптап, бұл соққы аймақтағы тұрақсыздықты одан әрі күшейтеді деді. Баку Иранның Әзербайжандағы елшісін сыртқы істер министрлігіне шақыртып, жағдайды түсіндіруді талап етіп отыр.
"Әзербайжан қарымта қайтаруға құқылы" деді министрлік.
5 наурызда Ираннан ұшырылған дрондар көрші жатқан Әзербайжанның Нахчыван автономиялық аймағына түсіп, екі адам жарақат алған. Бұл туралы Әзербайжан сыртқы істер министрлігі мәлімдеген. Бір дрон Нахчыван әуежайына түсіп, ғимаратты бүлдірген. Министрліктің хабарлауынша, екінші дрон Шекерабад ауданындағы мектеп ғимаратының жанына түскен.
Әзербайжан Израильге мұнай жеткізетін елдердің қатарында. Баку мен Тель-Авивтің қорғаныс саласында әріптестігі бар. Әзербайжан Израильді сенімді әріптес көреді. Олар әсіресе Таулы Қарабақты Армения ықпалынан қайтарып алу кезінде Израильдің әскери жабдықпен көмек көрсететінін атап өтеді.
Алайда сауда және қорғаныс саласындағы әріптестігіне қарамастан, Әзербайжан өз аумағын көршілес Иранды немесе кез келген өзге елді атқылау үшін қолдануға бермейтінін бірнеше қайтара мәлімдеген.
"Нахчыван әуежайына тиген дрон шабуылы – не келеңсіздік, не аумақтағы қақтығыс аумағы одан әрі ұлғаяды деген сөз" деді Азаттыққа Еуропада тәуелсіз сарапшы Рауф Миргадиров.
"Дәл қазір Иран үшін Әзербайжанды атқылауға себеп жоқ, өйткені Әзербайжан да, Түркия да бұл соғысқа қатысқан жоқ" деді ол.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуе шабуылын бастаған. Соққы салдарынан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи, оның жақындары және басқа да лауазымды адамдар қаза тапты. Содан бері Иран қарымта ретінде Парсы шығанағындағы елдерге зымыран мен дрон атқылап келеді.
Азаттықтың Әзербайжан қызметі әзірлеген хабар.
