Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді
Қазақстан 2026 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді. Бұл туралы аналитикалық Visual Capitalist платформасы жариялаған рейтингте айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың көлемі 123,6 триллион долларға жетеді.
АҚШ экономикасы 31,8 триллион долларға дейін өседі деп күтіледі, ал Қытайдың ЖІӨ-і 20,7 триллион долларға жетпек. 2021 жылдан бері АҚШ пен Қытай өз экономикаларының жалпы көлемін тиісінше шамамен 9 триллион және 4 триллион долларға ұлғайтқан.
АҚШ, Қытай және Германия ЖІӨ көлемі бойынша әлемдегі ең ірі экономикалар қатарындағы орнын сақтап қалады, алайда өсім қарқыны әртүрлі. Болжам бойынша, Үндістан нақты ЖІӨ-нің 6,2% өсімі арқасында Жапонияны басып озып, әлемдегі төртінші ең ірі экономикаға айналады. 2020 жылдан бері Үндістан ЖІӨ көлемі бойынша Ұлыбританиядан да алға шыққан.
Сонымен қатар, Аустралия Оңтүстік Кореяны ығыстырып, әлемдегі ең ірі экономикалар тізімінде 14-орынға көтеріледі. Бангладеш экономикасының 4,9% өсуі аясында Вьетнамды басып озып, 33-орынға шығады.
Рейтингке сәйкес, Қазақстан болжамды номиналды ЖІӨ-і 320 миллиард доллар болып, әлемдегі ең ірі экономикалар тізімінде 50-орынға жайғасқан және бұл тізімді қорытындылап тұр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
