Референдумға кемінде 15 млрд теңге жұмсалуы мүмкін
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің сөзінше, жаңа Конституция бойынша референдумға жұмсалатын қаржы орталық сайлау комиссиясына бюджет бойынша өтініш бергеннен кейін белгілі болмақ.
Оның сөзінше, бұған дейінгі референдумдарға қарағанда көбірек ақша жұмсалуы мүмкін.
"Менің ойымша, шығын көбірек болады, себебі халық саны (2024 жылмен салыстырғанда) көбірек. Халық көбейгендіктен сәйкесінше сайлау учаскелері де көп болады, инфляция деңгейі де әсер етеді. Сәйкесінше, сома да көп болады" деді вице-министр 12 ақпанда журналистерге.
Бұған дейін блогер Асхат Ниязовтың сұрағына жауап берген саясаттанушы Марат Шибутов референдумға 20 млрд теңге қаражат жұмсалуы мүмкін деп айтқан.
Otkir_kurek жазуынша, 2022 жылы Конституцияға түзетулер бойынша өткен референдумға – 16,4 млрд теңге, 2024 жылы АЭС бойынша референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалған.
Жаңа Конституцияға қатысты референдум 15 наурызда өтеді. Бір күн бұрын конституциялық комиссия отырысын аяқтап, жобаны толықтырып біткендіктерін айтып, президентке есеп берген.
12 ақпанда жаңа Конституция БАҚ-та жарияланды.
Қазақстанда бұған дейін де 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары Конституцияға өзгерістер енгізілген. Ал бұл жолы мүлде жаңа Конституция қабылдайын деп отыр.
Негізгі өзгерістер арасында – бірпалаталы парламентке көшу, вице-президент қызметін енгізу, халық кеңесін бекіту, шетелден қаржыландыруға тыйым салу, азаматтарды ұстау тәртібі және өзге де өзгерістер бар. Сарапшылар бұған түрлі баға берген.
Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер президент Тоқаевты Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғам талқылауын өткізу қажетін айтқан. Жаңа Конституцияның жобасы кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады.
