Былтыр 16,8 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алды
2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 1991 жылдан бері Қазақстанға өзге мемлекеттерде жүрген 1 млн 164,8 мың қазақ оралған.
Былтыр Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы – Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% – Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан, 2,5% – Ресейден және 1,9% – басқа елдерден келген.
Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, "еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар – 57,4%, еңбекке қабілетті жастан кіші - 34% және зейнеткерлер 8,6%-ды" құрайды.
"Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы –жоғары білімді, 27,5%-ы – орта кәсіби білімді, 51,2%-ы – жалпы орта білімді және 6,3%-ы білімі жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Министрліктің дерегінше, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында еңбек күші тапшы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 309 қандас қоныс аударған, бұл 2025 жылға бекітілген квотаға сәйкес.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы 20 мың 200 шетелдік Қазақстан азаматтығын алған. Оның 15 мың 600-і – қандас. Қалған 4600 адам өзге ұлт өкілдері. Ал 2023 жылы қандастардан бөлек азаматтық алғандар саны – 6328 адам.
Былтыр Қазақстанда азаматтық алудың талаптары жұмсаратыны хабарланған еді. Министрлік бұдан ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қауіп-қатер төнбейді деген. Ал құқық қорғаушы жемқорлық факторына мән беруді ескерткен.
