Алматы мектептеріне шабуылдар жасалатыны туралы хабарламалар: полиция жауабы
Желіде Алматыдағы оқу орындарына шабуыл жасалатыны туралы қоқан-лоққы жазылған хабарламалар тарады. Бұл ақпаратқа полиция пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Tengrinews.kz редакциясына оқушылар мен ата-аналар аноним Telegram-арналар арқылы тарап жатқан үрейлі хабарламаларды жолдай бастады. Онда қару-жарақтың суреттері, сондай-ақ авторлардың айтуынша, теракт жоспарланып жатқан қала мектептерінің тізімі көрсетілген. Бұл тізімдерде ондаған оқу орнының нөмірлері бар.
Полиция пікірі
Алматы Полиция департаменті аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және жалған екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта қаладағы оқу орындарындағы жағдай толық бақылауда. Полиция мен өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр", – делінген хабарламада.
Жалған ақпарат тарату дерегі бойынша жедел-іздестіру шаралары басталған. Фейк хабарламаның авторы мен дереккөзі анықталып жатқаны айтылды.
"Оны таратқан тұлға заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деп мәлімдеді Алматы ПД.
Полиция азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне – мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырады.
Алматы ПД баспасөз қызметі балалардың қауіпсіздігіне қатысты әдейі жалған ақпарат тарату ауыр құқықбұзушылық екенін және ол үшін жауапкершілік көзделгенін қосты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
