Жайма мен кеспе қалай жасалады: үй кеспесі өндірісінен репортаж
Алматы облысындағы шағын кәсіпорын көпшілік "тек үйде ғана жасалады" деп ойлайтын өнімді өндірістік желіде шығарып отыр. Мұнда ет тағамына арналған жайма мен кеспе ас үй үстелінде емес, әр параметрі қатаң бақыланатын өндірісте дайындалады: ұн температурасы, ылғалдылық деңгейі, қамырдың қалыңдығы – бәрі миллиметрдің үлесіне дейін есептеулі.
Біз Ansar Foods компаниясының өндірісіне барып, кеспенің қалай даярланатынын көзбен көрдік: ұн тиелген фурадан бастап, қапталып, дайын өнімге айналғанға дейін. Кәсіпорын дәл осы өнімді Kunde брендімен Magnum сауда желісіне жеткізеді – ритейлердің жеке сауда маркасы ретінде.
Бұл әріптестікте бастысы – тепе-теңдік. Сатып алушы үшін бұл – бағасы қолжетімді, "үйдің дәмін" еске түсіретін таныс өнім. Өндіруші үшін – өсім мен жаңа стандарттар. Ал сауда желісі үшін – тұрақты сапа және сөредегі балғындық.
