Қар суымен кеткен жылқы
Біздің ауыл тура Қытай мен Моңғолияның шекарасында еді. Ол кезде шекара қазіргідей тышқан жорғаламастай торланбаған, кей жерінен үйірлі жылқы өтердей алан-ашық жататын. Жылқысы өз аяғымен өтіп кетсе де «моңғол айдап кеттіге» санап, түн қатып жортқан «жоқшылар» жоғының өзі табылмаса да, топанын толтырардай өзге қылқұйрықтарды шұрқыратып айдап келетін кез.
Үнемі сондай істердің басы-қасында жүретін Жұмақын дейтін құдамыз болды. Ақ алмастай жарқылдаған кісі еді. Қашан көрсең бала-шаға, келін-кепшік демей әзілін айтып жарқ-жұрқ етіп отыратын. Шаруасынан шашау шығармайтын бұйымтақ, шілденің шіліңгір ыстығында ту биені шыбынға білдірмей жейтін ылдым-жылдым, ыспардың нақ өзі. «Жұмақынға қараңғы түнде қалың жылқының ішінен «анау қара айғырды ұста» деші, қайырылып...