Білім министрлігін әбігерге салған Е-leаrning, Дүниежүзілік банк заемінен бас тарту, Zoom-дағы келеңсіздік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылының басталғанына не бәрі 9 күн ғана өткенімен қазірдің өзінде кейбір ата-ананың қашықтан оқытудың қиындықтарын бастан кешіріп жатқаны белгілі. Оған күні кеше ғана ата-аналардың Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министрінің атына петиция әзірлеп, оқушыларды дәстүрлі оқуға көшіруге өтініш білдіруі дәлел бола алады. Бірақ, оқушыларды дәстүрлі оқуға қайтару атүсті қарай салатын мәселе емес. Себебі коронавирус індетінің қаупі әлі тараған жоқ. Бұған қоса, күзгі маусымдық жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың өршитін кезі алда екені де белгілі. Сондықтан әзірше балалардың қашықтан білім алғаны дұрыс. Мұны бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Кариновада да айтып отыр.