Даукес
Дәлізден тарс-тұрс жүріс естілді де, есік шалқасынан ашылып, қабырғаға қатты соғылды. Қабырғаға маңдайы тиген есік қайта беттегенде оны ашқан адам қабырғаға қайта жаныштап, нығарлап, екі-үш рет сілкіп-сілкіп алды. Есігі құрғыр «ағатай-ай, қояйын» демеді, кісінің ашуын ұқпай сықыр-сықыр етіп, міз бақпай қатып қалды. Есікпен төбелесе кірген адам сол аяғын табалдырыққа сала беріп, кезеңнен жауды көрген пулеметше дыбдырлап сөйлеп қоя берді. Ол екінші аяғын тартып алғанда аяқтай бөлмені аударып тастай жаздап, бақырып шақырып азан-қазан қылды. Отырғандардың шақшадай басы шарадай болып, бозарысып, қуарысып, орындарынан тұрып дүрлігіп кетті.