Рио жүлдегері Азия ойындарында медальсыз қалды
Әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Эльмира Сыздықова Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында бірінші кездесуінде жеңілді. 76 келіде күрескен Сыздықова биыл Бішкекте өткен Азия чемпионатында алтын алған Қытай балуаны Чжоу Цяньнан жеңілді.
Қазақстан балуаны 2016 жылы Рио қаласында (Бразилия) өткен олимпиада ойындарында қола медаль иеленген. Ол 2008 жылы жасөспірімдер арасында, 2012 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған. 2016 жылы ересектер арасында өткен Азия чемпионатында күміс алған.
Қазақстан Джакартадағы Азия ойындарында бір алтын, екі күміс, үш қоламен жалпы есепте 11-орында келеді. 19 тамызда қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин алтын алған.
Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.