Назарбаев Наурызда Самарқандқа сапарлады
21 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Самарқандқа барды. Өзбекстан президентінің сайтының хабарлауынша, Назарбаев өзбек халқын Наурыз мерекесімен құттықтау үшін Самарқандқа келген. Оны Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев күтіп алған.
Мемлекет басшылары осыған дейін жасалған келісім-шарттарды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында аймақтағы елдердің, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасын жақсарту жайы да сөз болған.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзияев Хазрат-Хазир кешенін аралап, марқұм Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовқа бағыштап құран оқыды. Одан кейін Қазақстан және Өзбекстан президенттері қаланы аралады.
2018-жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланған. Ал Қазақстанның Өзбекстандағы күндері 2019-жылға жоспарланған.