Орталық Азия - ортақ мүдделер біріктіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері басшыларының соңғы рет қашан өзара бір үстел басына жиналып, өңірдің ортақ мәселелерін талқыға салғаны еске де түспейді. Әрине, бұл өңір басшыларының бір-біріне көзқарасы дұрыс емес дегенді білдірмейді, Елбасылар бір-бірімен аралас-құраластығын үзген жоқ. Әйтсе де Орталық Азия одағы туралы әңгіме қалай құрдымға кетсе, өңірдегі мемлекет басшыларының ортақ кездесуі туралы да мәселе біртіндеп сөне бастағандай еді. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында өңір басшыларының басқосуы қайта жанданды. Наурыз - бес ел үшін де жаңару мен жаңғырудың, ынтымақ пен ізгіліктің мерекесі. Ендеше, Ұлыс күні қарсаңындағы басқосу - жақсылықтың нышаны.