Пәкістан Сауд Арабиясына өз әскерін жіберді
Пәкістан қауіпсіздікке төнген қатерлерге байланысты Сауд Арабиясының қорғаныс қабілетін нығайту үшін елге құрлық әскерінің бөлімдерін жіберді. Бұл туралы The Express Tribune пакистандық басылымы мәлімдеді, - деп хабарлады Tengrinews.kz.
Әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі 28 қарашада өтті. Оған Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф, Сауд Арабиясының елшісі Раджех Тами әл-Бұғайми, Пәкістан армиясы Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Омер Ахмед Бохари және Лахор корпусының қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұхаммад Умер Башир қатысты.
Пәкістан әскери қызметшілері екіжақты келісімдер мен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың қолданыстағы тетіктері аясында тек Сауд Арабиясының аумағында ғана қызмет етеді. Олардың міндеті - корольдіктің егемендігін, аумақтық тұтастығын, сондай-ақ, Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындарды қорғау.
Әскери контингенттің нақты саны, Сауд Арабиясында болу мерзімі мен орналасатын жерлері әзірге жарияланған жоқ. Әскер жіберу Исламабадта Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия арасында үшжақты Мекке қорғаныс пакті аясында өткен келіссөздерден кейін жүзеге асырылды. Бұл шешім Йемендегі хуситтердің шабуылдары күшейген тұста қабылданған.
Анықтама: Сауд Арабиясы мен Иран қолдайтын Йемендегі шииттік хуситтер қозғалысы ("Ансар Алла") арасындағы текетірес 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы көтерілісшілер Йемендегі билікті басып алып, заңды үкіметті құлатқан. Осыдан кейін Сауд Арабиясы үкіметті қалпына келтіру мақсатында әскери коалиция құрды. Қақтығыс ұзаққа созылған соғысқа ұласып, хуситтер корольдік аумағы мен мұнай инфрақұрылымына зымыран және дрон арқылы бірнеше рет соққы жасаған.
Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия арасындағы үшжақты қорғаныс одағы (Мекке қорғаныс пакті) 2026 жылғы тамызда жасалған. Келісім Эр-Риядтың қаржылық ресурстарын, Исламабадтың әскери әлеуеті мен ядролық қорғаныс мүмкіндіктерін, сондай-ақ, Анкараның қорғаныс өнеркәсібі мен технологияларын біріктіреді. Пакт аясында қауіпсіздік саласында бірлескен әскери жаттығулар өткізу, барлау ақпараттарын алмасу және қатысушы елдерге сырттан қауіп төнген жағдайда өзара қолдау көрсету көзделген.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Сауд Арабия астанасында қаржы орталығындағы мұнаралардың біріне шабуыл жасалды. Салдарынан 11 адам зардап шекті. Сондай-ақ, хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Қазанда шабуылдар толастамаған тұста Эр-Рияд әуежайы уақытша жабылған еді. Бұған дейін хуситтер шетелдік әуе компанияларын Сауд Арабиясының әуе кеңістігін пайдаланбауға шақырған еді.
