“GTA 6-ны ешкім ойнамайды“: ТЖМ ерекше тапсырыстың мән-жайын түсіндірді
Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімі құны 421 мың теңгеден асатын жүйелік тақта сатып алмақ. Сипаттамасы жағынан ASUS ROG топтық ойын моделіне сәйкес келетін бөлшектің сатып алынуы GTA VI ойынының шығуымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, тапсырыс беруші - Ұзынағашта орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі. 2026 жылғы 11 қарашада мекеме компьютерге қажетті жиынтықтауыштарды сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Онда құны ҚҚС-сыз 421 288,13 теңге болатын бір лот - жүйелік тақша қарастырылған.
Техникалық ерекшелікте тапсырыс беруші жоғары өнімді компьютерлік жүйелерге тән сипаттамаларды көрсеткен. Құжаттарда бағдарлы модель ретінде ASUS ROG Crosshair X870E Dark Hero көрсетілген. Бұл ASUS ROG флагмандық желісіне жататын, соның ішінде қуатты ойын компьютерлеріне арналған жүйелік тақта.
Сатып алуға қызығушылықтың туындауына екі датаның қатар келуі де себеп болған. Атап айтқанда, конкурсқа қатысуға өтінім қабылдау 13 қарашада аяқталса, 19 қарашада кейінгі жылдардағы ең көп күтілген бейнеойындардың бірі - GTA VI-ның релизі шықты.
ТЖМ не деп жауап берді?
Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін ТЖМ баспасөз қызметіне хабарласты. Мекеме жабдықты сатып алудың компьютерлік ойынның шығуымен ешқандай байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
ТЖМ мәліметінше, жүйелік тақта жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік бейнебақылау жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында сатып алынбақ. Ол қауіп-қатерді автоматты түрде анықтап, күзетілетін аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Министрлік жабдықтың техникалық сипаттамасы бір уақытта бірнеше бейне ағынын нақты уақыт режимінде өңдеп, нейрожелілік алгоритмдерді орындау үшін қажет екенін түсіндірді.
"Жиынтықтауыштардың өндірушінің ойын желісіне жатуы оларды кәсіби есептеу тапсырмалары үшін пайдалануға шектеу қоймайды", - деп атап өтті мекеме өкілдері.
Сондай-ақ ТЖМ сатып алуға жұмсалатын қаражат әскери бөлімнің 2026 жылға арналған бюджетінде компьютерлік техниканың қосалқы бөлшектері мен жиынтықтауыштарын сатып алу үшін қарастырылғанын хабарлады. Бюджеттен қосымша қаржыландыру бөлінбеген.
Сондай-ақ біз ТЖМ баспасөз қызметінен әскери бөлім расында ASUS ROG Crosshair X870E Dark Hero жүйелік тақтасын сатып ала ма деп нақтылап сұрадық. Мекеме өкілдері жабдық әлі жеткізілмегенін және қабылдау жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Сондықтан нақты осы модель сатып алынады деп кесіп айтуға болмайды.
ТЖМ бұл сатып алу қызметтік қажеттіліктен туындағанын, GTA VI-ны ешкім ойнамайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, ТЖМ бұған дейін де ерекше сатып алуларымен назарға іліккен болатын. 2025 жылдың аяғында Алматыда мекеме белгісі бар Tesla Cybertruck көлігі байқалды. Кейін министрлік расында осындай автокөлікті сатып алғаны белгілі болды. ТЖМ бұл көлік не үшін қажет екенін түсіндірді. Тағы оқыңыз: Tesla Cybertruck-пен кімдер және қалай құтқарылды? ТЖМ айтып берді
