“Дамыған көлік логистикасы болмаса, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді“ - Тоқаев
Мемлекет басшысы логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет екенін айтты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл - еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
"Қазір логистика мәселесімен барлық ел айналысып жатыр. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде "Бақты - Аягөз" теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады", - деді Тоқаев.
Тамызда Арал – Каспий" күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
"Үкімет осы салада қолға алынған барлық жоба сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады", - деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құру керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл - стратегиялық міндет.
"Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті тұр. Бұл - солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту ісіне кірісу керек. Көлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге көмек көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін көлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы негізгі мақсат еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру екенін мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
