760 мың теңгеге дейін: жалақы өссе, учаскелік дәрігерлер қанша алады?
Қазақстанда кейбір медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. 77 мыңға жуық маман үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша төлем ала алады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Health Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кімдердің жалақысы өседі және еңбек өтілі үшін төлем қаншалық артады?
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, қосымша төлемдер алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарына беріледі. Төлем мөлшері олардың үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады.
Министрлік үстемеақының мынадай мөлшерлерін белгілеуді ұсынады:
екі жылдан аса үздіксіз еңбек өтілі үшін жалақының 20 пайызы;
үш жылдан аса 30 пайыз;
бес жылдан аса 50 пайыз.
Яғни бес жылдан аса үздіксіз еңбек өтілі бар мамандар ең жоғары үстемеақы ала алады. Алайда төлемнің түпкілікті мөлшері маманның жалақысы мен жұмыс орнына байланысты болады.
Ауылдық жерлердегі дәрігерлер мен медбикелер қанша жалақы алады?
Үстемеақы енгізілгеннен кейін ең жоғары жалақыны ауылдық жерлерде жұмыс істейтін, еңбек өтілі көп жалпы практикалық дәрігерлер алады.
Денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, олардың жалақысы үстемеақыны есепке алғанда, 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін жетеді.
Ауылдық жерлердегі орта медицина қызметкерлерінің де жалақысы өседі. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, еңбек өтілі ең жоғары мамандардың жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Үстемеақы еңбек өтілі аз медицина қызметкерлеріне де беріледі. Мәселен, ауылдағы жалпы практикалық дәрігердің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін артуы мүмкін.
Орта медицина қызметкерлері үшін бұл көрсеткіш 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр.
Қалаларда жалақы қалай өзгереді?
Қалалардағы учаскелік медицина қызметкерлерінің де жалақысын көтеру жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практикалық дәрігер қазіргі 425 мың теңгенің орнына 607 мың теңгеге дейін ала алады. Осындай өтілі бар орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 224 мыңнан 318 мың теңгеге дейін артуы мүмкін.
Еңбек өтілі аз мамандар үшін де қосымша төлем қарастырылған. Жалпы практикалық дәрігер 307 мыңның орнына 358 мың теңгеге дейін алса, орта медицина қызметкерінің жалақысы 173 мыңнан 202 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет келесі жылы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеруге тиіс.
