Қазақстандықтардан 25 миллиард теңге жинаған: Asar Baspana ұйымдастырушысына үкім шықты
Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасы ісіне қатысты сот үкімі шықты. Ұйымдастырушы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, тағы бірнеше айыпталушыға шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Пәтер, көлік және табыс уәде еткен
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы қаңтарда Т. есімді азамат Asar Baspana тұтыну кооперативінің бағдарламаларына қатысу желеуімен азаматтардың ақшасын тарту схемасын құрған.
Қатысушыларға табыс тауып, автокөлік немесе баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар ұсынылған.
Жаңа салымшыларды тарту үшін ұйымдастырушы Қазақстанның түрлі қаласында өңірлік кеңселер ашып, кездесулер мен онлайн іс-шаралар өткізген және құрылым мүшелеріне нұсқаулар беріп отырған.
Кейін бұл қызметке тағы бірнеше адам мен өңірлік басшылар тартылған. Олар жаңа қатысушыларды іздеумен, кеңселердің жұмысын жүргізумен, ақша қабылдаумен және оны бақылаудағы шоттарға аударумен айналысқан.
25 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған
Айыптау нұсқасы бойынша, тартылған қаражат қатысушылар алдындағы міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмаған.
Asar Baspana қызметі аясында азаматтардан барлығы 25 422 708 589 теңге тартылған. Бұл сома аса ірі мөлшерге жатады.
Сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Ұйымдастырушы 8 жылға сотталды
Сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, сондай-ақ жеті жылға қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Тағы үш айыпталушы алты жылға қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Қалған сотталушыларға отбасылық жағдайы, жасы, кәмелетке толмаған балаларының болуы және құрылым қызметіндегі қосалқы рөлі ескеріліп, шартты түрде жаза тағайындалды.
Сонымен қатар Т., Б., Д. және И.-ге қатысты мүлікін тәркілеу туралы шешім шығарылды. Сот тәркіленген мүлікті жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге бағыттауды қаулы етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен Asar Baspana қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқаны хабарланған болатын. Ол кезде 49 кеңсе мен 81 айыпталушының тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілгені айтылған еді. Нәтижесінде 1,1 миллиард теңге және 10 люкс класты автокөлік тәркіленді.
