Қазақстанда тұмауға қарсы тегін екпе: кімдерге және қайда салынып жатыр?
Екпені қай жерде салдыруға болады?
Вакцинаның алғашқы партиялары Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарының медициналық ұйымдарына жеткізілді. Онда азаматтарды егу жұмыстары басталып кетті.Қалған өңірлерге вакцина 5 қазанға дейін жеткізіледі деп жоспарланған. Препарат келіп түскеннен кейін ол жақтағы медициналық мекемелер де иммундау шараларына кіріседі.
Егу науқаны үшін ресейлік "Гриппол" вакцинасы сатып алынды.
"Оның штаммдық құрамы алдағы эпидемиологиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Тегін вакцина кімдерге беріледі?
Бірінші кезекте тегін екпе тұмау мен оның асқынуларына анағұрлым бейім келетін осал топ өкілдеріне салынады.
Сөз болып отырған аумақтар:
медицина қызметкерлеріне,балаларға,диспансерлік есепте тұрған азаматтарға,жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығысыз қалған балаларға,медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлеріне,эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдарға.
"Өңірлерге егу науқанын уақтылы бастауды және нысаналы топтар үшін вакцинацияның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды", - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, қазан айы - аурушаңдықтың маусымдық өсуі алдында вакцина салдыруға ең қолайлы кезең. Екпеден кейін ағзаға иммундық қорғанысты қалыптастыру үшін уақыт қажет.
"Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін азайтуға, ең бастысы - аурудың ауыр өтуі мен асқынулардың алдын алуға көмектеседі".
Нысаналы топтарға кіретін азаматтарға тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға хабарласып, вакцинация туралы ақпаратты нақтылау ұсынылады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қыркүйектен бастап мамандар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша аурушаңдық деңгейін апта сайын қадағалап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, 1 қыркүйектен бері Қазақстанда ЖРВИ-дің 492 643 жағдайы тіркелген.Әзірге осы эпидемиологиялық маусымда тұмау жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
