Павлодарлық полицей төрт тілде еркін сөйлейді
Захар Стрельниковтың тілдерге деген қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Түркістан облысы Жібек жолы ауылының тумасы бүгінде қазақ, орыс, өзбек және түрік тілдерінде еркін сөйлейді.
Полицейдің айтуынша, оның көптілділігіне бала кезден көпұлтты ортада өскені негіз болған.
"Жібек жолы ауылы - көпұлтты мекен. Мұнда қазақтар, өзбектер мен түріктер бірге өсіп, білім алады. Өзім орыс сыныбында оқысам да, достарымның көбі қазақ болды, сондықтан тілдік тәжірибені тікелей солардан алдым. Нәтижесінде қазақ тілі өмірде - әскерде болғанда да, кейін полицияға жұмысқа орналасқанда да өте қажет болды", - дейді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы.
Захар құқық қорғау органдарына 2023 жылы университетті бітірген бойда келген. Қызметін инспектор лауазымынан бастап, алған білімін іс жүзінде қолдана бастады.
Әріптестерінің айтуынша, мемлекеттік және өзге де тілдерді білуі Захарға адамдармен тіл табысуға, сұхбаттасушыны жақсы түсініп, сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Бұл полицей үшін аса маңызды.
"Бүгінде біздің батальонға мұндай қызметкерлер өте қажет, өйткені өңірге шетелдік азаматтар көп келеді. Тілдерді білуінің арқасында Захар шетелдік қонақтармен еркін әрі ешқандай кедергісіз тілдесе алады", - деп атап өтті Павлодар облысы ПД батальон командирінің орынбасары Ғабит Азбердиев.
Тілдерді білу Захар Стрельниковке тек жұмыста ғана емес, отбасылық өмірде де көмектеседі. Оның жұбайы - қазақ қызы, ол да полицияда қызмет етеді. Олар бірге бала тәрбиелеп, оны кішкентайынан ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарға баулып келеді.
