Иранмен соғыс әлемдік экономикаға орасан қысым көрсетіп отыр - Қатар
Қатар АҚШ пен Иранды келіспеушіліктерді еңсеріп, соғысты тоқтату туралы уағдаласуға шақырып, қақтығыстың әлемдік экономика үшін зардаптары күшейіп жатқанын ескертті. Ресми Доха Иран тарапынан жасалған соққыларға қарамастан, делдалдық күш-жігерін жалғастырып, Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіруге тырысып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Euronews басылымына сілтеме жасап.
Телеарна әмірліктің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджид әл-Ансаридің мәлімдемесін келтірді. Ол келісімге қол жеткізуге бағытталған келіссөздер жалғасып жатқанын түсіндірді.
"Кез келген келісімде кедергілер болады. Біздің міндетіміз - қиындықтарды еңсеріп, екі тарап арасындағы алшақтықты азайтуға тырысу, қазір дәл осы жұмыспен айналысып жатырмыз", - деді ол келісімнің болашағы туралы сұраққа жауап бере отырып.
Оның айтуынша, кейінгі күндері "кездесулер өткен", бірақ ол олардың қаншалықты алға жылжығанын нақтылаудан бас тартты.
Әл-Ансари жағдайдың жаңа шиеленісі аймаққа бұдан да көп мәселе әкелетінін ескертті. СІМ өкілі Таяу Шығыстағы соғыс Парсы шығанағы мемлекеттерінің, Ирак пен Иорданияның таңдауы емес екенін атап өтті. Бұл елдердің Тегеранмен реттеуді қажет ететін жеке қақтығысы жоқ.
Ол тұрақты реттеу үшін тату көршілестік пен агрессиядан бас тартуға негізделген аймақтық қауіпсіздік тетіктері қажет болатынын атап өтті. Қазір Доха тараптарды келісім жасасуға жақындатуға тырысып, Ормуз бұғазын еркін кеме қатынасы үшін қайта ашуға күш салып жатыр.
Қатар СІМ өкілі Шығанақ елдері тек мұнай мен газ ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен тыңайтқыш өндірісі үшін маңызды карбамид пен аммиак, сондай-ақ гелий, мұнай химиясы мен алюминий экспорттайтынын еске салды. Сонымен қатар ол әлсіз елдердегі өнімділікке тиетін салдарлар мен бұрын көмір тұтынуды азайтқан аймақтарда оны жағудың қайта артқанына назар аударды. Оның айтуынша, қыс жақындаған сайын ауыртпалық күшеюі мүмкін.
Ақпан соңында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен соққыларынан басталған соғыс Шығанақ елдерінің экспорты үшін өмірлік маңызы бар маршрут - Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасын айтарлықтай бұзды.
Тағы оқыңыз: Иран АҚШ-қа қарсы жаңа қару қолдануға дайын екенін мәлімдеді
