324 миллиондық изолятор. Қазақстандық блогерлер мен әртістер “отырған“ арнайы қабылдау орны қалай жөнделіп жатыр?
Алматыда Лобачевский көшесі, 10 мекенжайында 60 жылдан аса уақыт бойы тұрған, соңғы жарты ғасырда әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орны ретінде пайдаланылып келген ғимаратты күрделі реконструкциялау туралы шешім қабылданды.
Нысанды жай ғана жөндеп қоймай, оның сейсмикалық төзімділігін нығайтып, кеңейту және сыйымдылығын екі есеге жуық арттыру жоспарланған. Бір қарағанда, бұл тек техникалық мәселе болып көрінгенімен, бірнеше сұрақ туындайды: бұл жұмыс неге дәл қазір қолға алынды, осы жылдар ішінде ғимарат ішінде не болды және жөндеу кезінде ондағы адамдар қайда орналастырылды? Tengrinews.kz тілшісі осы жайттарды анықтап көрді.
60 жылдық тарихы бар арнайы қабылдау орнын жөндеу
14 тамызда мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы қаласының құрылыс басқармасынан қызық хабарландыру жарияланды. Онда әкімшілік қамауға алынғандарға арналған мамандандырылған қабылдау орнын реконструкциялау туралы айтылған.
Анықтама: АҚО - Әкімшілік қамауға алынған адамдарды (тұлғаларды) ұстауға арналған арнайы қабылдау орны. Бұл тергеу изоляторы немесе қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі емес, сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған адамдар ұсталатын ішкі істер органдарының мекемесі. Арнайы қабылдау орнына орналастыру сот актісі негізінде жүзеге асырылады. 2025 жылдан бастап ережелерде арнайы қабылдау орындарында қамауға алуға сотталған жекелеген адамдарды, сондай-ақ мәжбүрлеп шығарылуы тиіс шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды ұстау да қарастырылған. Алматыда АҚО қалалық полиция департаменті қарамағында.
Мұнда екі жайт назар аудартады:
біріншіден, қала әкімшілігінің қабылдау орнының нақты мекенжайын - Лобачевский, 10 деп көрсетуі;
екіншіден, бұл күрделі жөндеу жұмыстарына 331 миллион теңге бөлінбек болған.
Тендерге қатысуға өтінім қабылдау небәрі бес күнге созылды: 21-26 тамыз аралығында, бірақ осы уақыт ішінде 11 әлеуетті өнім беруші ниет білдірді. Қорытынды хаттамаға сәйкес, конкурстың жеңімпазы "ЖВК" ЖШС болды.
Бұл ұйыммен 1 қыркүйекте шарт жасалды, нәтижесінде реконструкция сомасы 324,7 миллион теңгеге дейін төмендеді. Яғни, іс жүзінде жеті миллион теңгеге жуық қаражат үнемделді.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, Лобачевский, 10 мекенжайындағы арнайы қабылдау орны 1963 жылы салынған. Бастапқыда бұл тұрғын үй болған, бірақ 1972 жылы ол әкімшілік қамауға алынғандарды ұстау мекемесі ретінде қайта жабдықталған.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Құжаттарда бұл ғимаратты сейсмикалық нығайтумен қатар жүргізілетін ауқымды күрделі жөндеу екені, сондай-ақ оңтүстік жағынан бір қабатты қосымша құрылыс салынатыны айтылған.
Құжаттарда мұндай реконструкцияның қажеттілігі нақты түсіндірілген: учаске тоғыз балдық сейсмикалық белсенділік аймағында - Алматыдағы ең қауіпті аймақтардың бірінде орналасқан. Сонымен қатар, ғимараттың салынғанына 60 жылдан асқан.
Арнайы қабылдау орнының жалпы аумағы шамамен 0,34 гектар болады.
Жоба ғимараттың өзін заманауи сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіру үшін күрделі нығайту, сондай-ақ ішкі бөлмелер, инженерлік коммуникациялар және қасбетті жөндеуді қарастырады. Сонымен қатар, реконструкциядан кейін жасыл желек аймағы азаяды: көгалдандыру алаңы 1641-ден 1425,5 шаршы метрге дейін қысқарады. Қай ағаштар мен бұталар сақталып, қайсы алынатыны немесе қайта егілетіні құжаттарда нақтыланбаған.
Негізгі өзгеріс қабылдау орнының сыйымдылығына қатысты болмақ. Қазір ол 94 адамға арналған болса, реконструкциядан кейін онда 158 әкімшілік қамауға алынған адамды ұстауға мүмкіндік туады. Ол үшін жапсарлас құрылыста 64 орындық қосымша алты камера жабдықталады.
Сондай-ақ жобада өрт дабылы, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелерін жаңарту, ал жүріп-тұруы шектеулі жандар үшін пандус пен арнайы жабдықталған санитарлық тораптар қарастырылған.
Реконструкцияны 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған, ал құрылыстың жалпы мерзімі сегіз айды құрауы тиіс.
Ал қамауға алынғандар қайда жіберіледі?
Реконструкцияның егжей-тегжейін білу үшін біз екі ведомствоға - Алматы Полиция департаменті мен құрылыс басқармасына сауал жолдадық. Жауаптар келді, бірақ оларда нақты ақпарат аз болып шықты. Ал бізге хабарланған кейбір деректерді біз құжаттардан онсыз да білетін едік.
Полиция департаменті арнайы қабылдау орнының кеңейтілетінін, инженерлік коммуникациялар мен шатырдың ауыстырылатынын растады. Сонымен бірге, "жұмыстардың басталуы биыл қыркүйекке жоспарланған", мердігер ұйыммен келісімшартқа тек қыркүйектің басында қол қойғанын ескерсек, әбден қисынды.
Бізді реконструкция басталғанға дейін арнайы қабылдау орнында болған әкімшілік қамауға алынғандар тағдыры, дәлірек айтқанда, олар күрделі жөндеу кезінде қайда, қалай және қандай жағдайларға ауыстырылатыны ерекше қызықтырды. Алайда бұл сауалымызға мәселенің шешілгені туралы қысқа қайырылған жауаптан өзге мардымды ақпарат ала алмадық.
"Дайындық аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жөндеу кезеңінде әкімшілік қамауға алынған тұлғаларды уақытша орналастыру мәселесі пысықталды", - делінген Алматы Полиция департаменті жауабында.
Алматы қалалық құрылыс басқармасы, өз кезегінде, бізге бұрыннан белгілі мәліметтерді растады: ғимарат 1963 жылы салынған, жоба бойынша оны сейсмикалық күшейтумен толық реконструкциялау және жаңа жапсарлас нысан салу қарастырылған. Сондай-ақ ведомство реконструкция барысына техникалық қадағалауды "Алатау ТН" ЖШС жүзеге асыратынын, ал жобалаумен "Almaty Building Projects" ЖШС айналысқанын нақтылады.
Ал жөндеу кезінде арнайы қабылдау орны қалай жұмыс істейтіні туралы ақпаратты әкімдікке қарасты мекеме өкілдері полициядан сұрауға кеңес берді.
"Реконструкция кезеңінде мамандандырылған қабылдау орнының жұмысын ұйымдастыру мәселесі Алматы Полиция департаментінің құзыретіне жатады", - делінген құрылыс басқармасы жауабында.
Нәтижесінде тығырыққа тірелгендей болдық: полиция қамалғандарды уақытша орналастыру мәселесі пысықталғанын хабарлағанымен, олардың қайда және қашан ауыстырылатынын айтпады. Құрылыс басқармасы болса, бізді полицияға сілтеді.
Ал ең басты сұрақ - реконструкция басталғанға дейін арнайы қабылдау орнында болған адамдардың қайда көшірілгені сол күйі жауапсыз қалды.
Қарасора, жабық қақпа және құлыптар
Реконструкцияның қалай жүріп жатқанын анықтау үшін біз оқиға орнына баруды жөн көрдік. Бұл жерде бірден көзге түсетіні - изолятордың қиратылған қабырғасы.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Тәртіпке бағынатын азамат ретінде біз бұл үлкен саңылау арқылы ішке кіруге әрекеттенбедік, өйткені бұл бәрібір күзетілетін нысан саналады. Оның үстіне, периметр бойынша бірнеше бақылау камералары орнатылған. Бірақ олардың жұмыс істеп тұрғаны немесе істемейтіні белгісіз.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Соған қарамастан, сол саңылау арқылы арнайы қабылдау орнының ішкі ауласының кейбір бөлшектерін көруге болады. Мысалы, терезесі де, есігі де жоқ ғимарат. Онда қазір белсенді жөндеу жұмыстары жүріп жатқан болуы керек, бірақ біз ол жерде болған уақытта бірде-бір жұмысшыны кездестірмедік.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бір қызықты жайт - жартылай қираған ғимараттың төбесінде "4К" деп жазылған жасыл спутниктік антенна тұр. Яғни, ол теледидарды өте жоғары сапада көруге мүмкіндік береді. Бірақ оның жақында орнатылғаны немесе бұл жерде бұрыннан тұрғаны түсініксіз.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сондай-ақ біз арнайы қабылдау орнының негізгі қақпасына да бардық.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бүйірдегі есікте әлі де қамалғандарға азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттарды тапсыру ережелері жазылған хабарландыру парақтары ілулі тұр. Әсіресе курьерлер арқылы сәлемдеме беру туралы үлкен әріптермен жазылған ескерту ерекше көзге түседі.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сонымен қатар, кіреберіс топты зерттеу бізге басты құпияны ашуға көмектескендей болды - қамаудағылар дәл қайда ауыстырылғаны белгілі болды. Есіктегі жазуға қарағанда, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орны Дундич көшесі, 2А мекенжайына көшкен.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бұл мекенжайды 2GIS қосымшасына жазсаңыз, ол жерде "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығы" орналасқанын көрсетеді. Суреттерге қарағанда, ғимарат едәуір сыйымды. Теория жүзінде онда қамалғандарды орналастыруы мүмкін, бірақ біз бұны нақты білмейміз.
2GIS қосымшасынан скриншот
Анықтама: Алматыдағы "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығы" КММ - белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар мен бұрын сотталғандарға уақытша тұруға және көмек көрсетуге арналған мемлекеттік мекеме.
Біз жергілікті тұрғындардан адамдарды қалай тасымалдағанын көрген-көрмегенін сұрастырып көрдік, бірақ ешкім ештеңе көрмепті. Осыған сүйене отырып, сұхбаттасушыларымыз адамдарды жаңа мекенжайға түнде алып кеткен болуы керек деген қорытындыға келді, әйтпесе біреу болмаса біреу міндетті түрде байқар еді.
"Ішке көліктердің кіріп жатқанын бірнеше рет көрдік. Мүмкін жұмыстың барысын тексерген басшылық шығар. Негізі ішінде жұмысшылардан бөлек, олардың қызметкерлері де қалуы керек қой. Мүмкін кадр бөлімі шығар. Өйткені біреу бәрін қадағалап отыруы тиіс қой", - деп ой бөлісті оқшаулау орнына қарама-қарсы дүкеннің сатушысы.
Сондай-ақ аумақты тексеру кезінде біз тағы бір елеусіз қалдыруға болмайтын қызықты жайтқа назар аудардық. Оқшаулау орнының қоршауын бойлай жабайы қарасораның қалың бұталары өсіп тұр. Олардың кейбіреуінің биіктігі бірнеше метрге жетеді.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бұл жердің жағдайы қолайлы сияқты. Бір қызығы, бұған тек біз ғана емес, айналадағы тұрғын үйлерге септик жүргізіп жатқан жұмысшылар да назар аударған екен. Біз олармен таныстық, олар тіпті қарасора бұталарының жанында суретке түсіп, Instagram-ға жүктегендерін айтып берді.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
"Біздің бұл жерде жүргенімізге көп болған жоқ. Осы уақыт ішінде тек анау қабырғаны бұзғанын көрдік, басқа ештеңе байқалмады. Әрине, іште бірдеңе істеп жатқаны естіледі, бірақ не екенін білмейміз. Қазір олар жұмысты тоқтатып қойған сияқты, 3–4 күн болды. Шамасы, өкім келген шығар", - деп топшылайды септикпен айналысып жатқан жұмысшылар.
Бір сәтте біз қамаудағыларды көшіру және реконструкция барысы туралы сұрау үшін әкімшілікке тікелей хабарласуды жөн көрдік. Ол үшін қолжетімді барлық әдістермен назар аударуға тырыстық: қақпаны, кіреберіс есікті қақтық, қоңырауды бастық, бірақ ол жұмыс істемейтін сияқты, өйткені басқан кезде ешқандай дыбыс естілмеді.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сонымен қатар қақпаның сыртында бейнебақылау туралы ескерту тақтайшасы ілулі тұр.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Тілшіміз қақпа ішіндегілерге жете алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүргенде, мұндағы камералардың бірі тура оған бағытталып тұрды. Егер ол шынымен жұмыс істеп тұрған болса, изолятор қызметкерлері тілшімізді көргені анық, бірақ сыртқа шығуға ыңғайсызданған болуы керек.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Нәтижесінде, біз күдер үзіп, есік қағуды қойып, едәуір қашықтыққа ұзап кеткенімізде, қақпадан көк түсті мемлекеттік нөмірі бар ақ седан шықты. Шамасы, полиция көлігі. Алайда біз бұл сәтті түсіріп үлгермедік, өйткені тым алыс едік.
Айналадағы ахуал
Арнайы қабылдау орнына тікелей қатысы болмаса да, оның айналасындағы ахуалды жақсы сипаттайтын тағы бірнеше қызықты деталь бар.
Мәселен, мекемеден шыға беріс жердің қарсы алдында ғана түрмеден босап шыққандарға көмек ұсынатын үлкен баннер ілулі тұр.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Бұдан бөлек, жоғарыда айтылғандай, изолятор тұрғын үй алабының ортасында орналасқан. Бұл жеке сектор болғандықтан, жергілікті тұрғындар көбіне ит ұстайды. Әрине, қауіпсіздік мақсатында өтіп бара жатқандарға ескерту жасауды да ұмытпайды.
Кейбір ескерту тақтайшалары өте өзгеше көрінеді. Иттің көлемі де, тұқымы мен күзетшілік қабілеті де бірден байқалады.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Көңіл босатарлық детальдар да кездесті. Мысалы, арнайы қабылдау орнының қабырғасында қалып қойған баланың кішкентай ойыншық көлігі. Бұл балаға жаңа ойыншық сатып алынғандықтан ғана қалды деп үміттенеміз, әкесі осы қабырғаның арғы жағында болғандықтан емес.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Арнайы қабылдау орны ішінде не болып жатыр?
Өкінішке қарай, барлық талпынысымызға қарамастан, ғимараттың ішін көрудің сәті түспеді. Алайда БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы мекеменің қабырғасында бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін болған адамдардың көптеген айғақтары сақталған. Егер осы әңгімелерді жинақтасақ, арнайы қабылдау орнының ішкі көрінісі туралы егжей-тегжейлі мәлімет алуға болады.
Ең толық сипаттамалардың бірін 2014 жылы онда он тәулік өткізген блогер Ринат Кибраев берді. Оның айтуынша, ол кезде камералар шағын болған, екі қабатты кереуеттер қойылған, ал жағдайы бөлмелерге байланысты айтарлықтай ерекшеленген. Бір бөлмеде төрт адам болса, басқаларында 12–16 адамнан отырған. Шетелдіктер мен еңбек мигранттарына арналған камералар да болған, онда блогердің айтуынша, 20–30 адамға дейін ұсталған, тіпті кейбірі еденде ұйықтаған.
Кибраев алғашқы түнін суық әрі жарығы нашар камерада өткізгенін айтты. Ол күйе басқан қабырғалар, әжетханадан шыққан өткір иіс және үстіне жамылмақ болған тесік-тесік ескі көрпе туралы әңгімелеп берді. Әжетхана едендегі тесік қана болса, шүмектен аққан су суық әрі тат басқан болған.
Осы әңгімеге сүйенсек, тамақтану жағы да мәз болмаған. Абақтыдағыларды күніне үш мезгіл тамақтандырған: таңертең суға піскен ботқа, түсте және кешке қарақұмық немесе арпа ботқасы. Кибраевтың айтуынша, душ аптасына бір рет болған, ал серуенге күніне екі рет шамамен 15 минутқа шығарған. Ол кезде камераларда кітап та, радио да болмаған.
Арнайы қабылдау орнындағы өмірдің басқа қыры туралы 2012 жылғы митингілерге қатысқаны үшін ұсталған белсенділердің жақтсы айтып берді. Олар ұсталғандарға тамақ беріп жібермек болғанымен, мекеме қызметкерлері тек су, газет пен темекі өткізуге ғана рұқсат берген.
Қазақстандық Халықаралық адам құқықтары бюросының өкілі сол кезде арнайы қабылдау орнын "қара құрдым" деп атаған болатын, өйткені оның айтуынша, азық-түлік өткізу ережелері заңмен емес, ішкі нұсқаулықтармен реттелген.
Дегенмен, бұрынғы қамауда болғандардың әңгімелері әрдайым бірдей емес - мұны да ескеру маңызды. Мысалы, 2012 жылы олардың бірі Лобачевский көшесіндегі шағын камералар мен камера ішіндегі әжетхана туралы айтқан. Оның сөзінше, бір камерада онымен бірге 14 адам болған. Ссондай-ақ ол адамдар тәуліктің көп бөлігін арнайы қабылдау орнының ішінде өткізетінін, ал серуенге шамамен жарты сағатқа ғана шығаратынын алға тартқан.
Бірақ, соңғы жылдары Лобачевский, 10 мекенжайында темір тордың арғы жағына түскен ең танымал тұлға, бәлкім, әнші Төреғали Төреәлі болған шығар. 2023 жылдың маусым айында ол 20 тәулікке қамалып, қарапайым камералардың біріне орналастырылды.
Ол жердің қандай болғаны туралы сол кезде онымен бірге отырған Дамир Манкеев (мәліметтер оның өтініші бойынша өзгертілді) айтып берді. Оның айтуынша, сол кезде арнайы қабылдау орнында жеті камера жұмыс істеп тұрған, ал біреуі жөндеуде болған. Үлкен бөлмелерде 14 адамға дейін, шағын бөлмелерде 6 адамға дейін ұсталған. Барлық жерде екі қабатты кереуеттер мен бейнебақылау камералары орнатылған. Қамаудағыларды күніне екі рет серуенге шығарған, ал душқа кезекпен - әр камераның адамдарын бөлек-бөлек апарған.
Оның айтуынша, Төреәлінің өзіне ешқандай ерекше жағдай жасалмаған: жалпы камерада тұрған, басқалармен бірдей тамақ ішкен және жалпы душқа барған. Әншіге деген назардың жоғары болуына байланысты, мекемеге тіпті полковник келіп, тізімдер мен адамдардың нақты санын тексерген.
Осылайша, соңғы жиырма жыл ішінде Лобачевскийдегі арнайы қабылдау орны митингке қатысушылар мен азаматтық белсенділерден бастап, қарапайым құқық бұзушылар мен танымал әртіске дейінгі ең түрлі адамдарды қабылдап үлгерді. Олардың ойы әртүрлі және әр жылдары болған, сондықтан әрбір сипаттаманы бүгінгі күнге таңу дұрыс болмас еді. Бірақ олардың барлығы жиылып, бұл ғимараттың ішкі көрінісі қандай болғаны туралы түсінік береді: шағын камералар, екі қабатты кереуеттер, ортақ душ, кесте бойынша серуендеу және айтарлықтай қарапайым тұрмыстық жағдайлар.
Реконструкция ма, әлде бұзу ма?
Лобачевскийдегі арнайы қабылдау орнының реновациясы мұндай үлгідегі мекемелерде күрделі жөндеу жұмыстарының сирек жүргізілетіндігімен де қызықты. Ескірген пенитенциарлық нысандар әдетте бұзылады немесе қала шетіне көшіріледі.
Өңірлерде үшінші бір қызықты сценарий де кездеседі: жабылған колониялар аукцион арқылы сатылады. Солтүстік Қазақстан облысындағы ерекше режимдегі колония да осындай күй кешіп, бәс саудада небәрі бес миллион теңгеге кетті.
Осыған ұқсас жағдай Солтүстік Қазақстан облысында қайталанды, онда бұрынғы қатаң режимдегі колония ғимараты шамамен 5,5 миллион теңгеге сатылды. Ал Семейде УҰИ-дің көне ғимараты жаңа иесіне 80 миллион теңгеден аса сомаға бұйырды.
Осының фонында Лобачевскийдегі арнайы қабылдау орнының жабылмауы және көшірілмеуі ерекшеленеді. Оны тура бұрынғы орнында - тұрғын ауданда, кәдімгі үйлердің жанында күрделі түрде нығайтып, кеңейту туралы шешім қабылданды.
Қорытынды
Бұл жағдай бірнеше себепке байланысты біздің қызығушылығымызды тудырды.
Біріншіден, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнын реконструкциялаудың өзі Алматы үшін таңсық жағдай: мұнда мұндай мекемелерді ескі орнында күрделі жөндеуден өткізгеннен көрі, жауып, жаңа жерге көшіру жиі кездеседі.
Екіншіден, жобаның құны - шамамен 325 миллион теңге. Бұл қала үшін таңғаларлық сома емес, бірақ ол тарихи ғимараттар мен мәдени нысандарды қалпына келтіруге бағытталған кейбір ірі жобалардың шығынымен деңгейлес. Алайда біздің жағдайда бұл - уақытша ұстау изоляторы.
Ауқымды реконструкция мәселесі неге енді ғана қолға алынғаны да бөлек сұрақ тудырады. Лобачевский, 10 мекенжайындағы ғимаратқа 60 жылдан асқан, әрі осы уақыт бойы ол Алматының сейсмикалық белсенді аймағында орналасқан. Әр жылдары мұнда әкімшілік қамауда болған адамдардың әңгімелерінен тұрмыстық жағдайлар туралы да түсінік қалыптастыруға болады: шағын камералар, тарлық, ескі кереуеттер, жылу берудегі қиындықтар және басқа да жағдайлар. Әрине, арнайы қабылдау орны қонақүй болуға міндетті емес - сөз әкімшілік қамауға алынғандарға арналған мекеме туралы болып отыр. Бірақ бұрынғы тұтқындардың сипаттамалары ғимараттың жай-күйі мен ұстау жағдайларына қатысты сұрақтардың қазіргі реконструкциядан әлдеқайда бұрын туындағанын көрсетеді.
Бұл ретте қызығы сол, Полиция департаменті де, қалалық құрылыс басқармасы де реконструкция кезінде осы қабылдау орнында жазасын өтеп жатқандардың қайда ауыстырылғанын айтуға батылы бармады. Негізінде бұл жерде ешқандай құпия ештеңе жоқ және біз жауапты изолятордың есігінен-ақ таптық. Соған қарамастан, енді біз реконструкцияның қалай өтетінін және бюджет қаражатының неге жұмсалатынын бақылайтын боламыз.
Авторы: Александр Григорянц
Аударған: Дина Шәріпхан
