“Алматы-3“ вокзалы және LRT депосы: “Батыс“ полиорталығы қалай өзгереді?
"Батыс" полиорталығы Алматыда құрылатын бес орталықтың ішіндегі ең кішісі болады. Бұл неге байланысты және қаланың бұл бөлігінде не салынбақ?
Алматыда құрылатын бес полиорталықтың ішінде "Батыс" ең аз аумақты - 2 242 гектарды қамтиды. Бұл аумақтың жартысын "Батыс" зираты, ЖЭО-2 және индустриялық аймақ алып жатқанына байланысты.
Алматы картасындағы полиорталықтар. Бас жоспарды түзету құжаттарындағы карта
Алматының Бас жоспарына енгізілген түзетулерге сәйкес, полиорталықтың солтүстік бөлігінде LRT депосын салу жоспарланып отыр. Ол көлік-логистикалық хаб ретінде құрылатын жаңа "Алматы-3" теміржол вокзалымен біріктірілуі мүмкін.
Анықтама:LRT-ның бірінші желісінің бірінші кезегі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан деподан басталып, Бауыржан Момышұлы көшесімен, одан әрі Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы арқылы "Алматы-2" теміржол вокзалына дейін өтеді. Бірінші кезектің соңғы нүктесі ретінде "Райымбек батыр" көлік-ауысып міну торабы қарастырылған. LRT-ның бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр.
Бас жоспарды түзету құжаттарындағы карта
Тұтастай алғанда, полиорталық қоғамдық-іскерлік құрылыстары бар сызықтық диагональды парк ретінде қарастырылып жатыр: сауда орталықтары, жаяу жүргіншілер көшелері, орталық парк, тұрғын үй кварталдары, Water Garden паркі бой көтереді.
Алматының Бас жоспары әлі бекітілген жоқ, ол сараптамадан өтіп жатыр. Егер қорытынды оң болса, құжат Үкіметке бекітуге жіберіледі. Осыдан кейін аудандарды егжей-тегжейлі жоспарлау (ЕЖЖ) жобалары әзірлене бастайды. Содан кейін ғана билік жеке инвесторларды тарта отырып, іске асыруға кірісе алады. Серіктестер құрылысқа арналған учаскелерді тек меншік иелерінің келісімімен ғана сатып ала алады. Бас жоспар - жерді бұзу немесе алып қою туралы қаулы емес, ол тек қаланы дамыту стратегиясы.
"Аумақтың солтүстік және оңтүстік бөліктерінде тектоникалық жарықтар бар. Батыстағы жасыл аймақтың дамуы осы жарықтардың орналасуын ескереді және Сақ қорғандарының аумағымен байланысты, бұл полиорталықтың маңызды табиғи-мәдени негізін құрайды", - делінген Бас жоспарды түзету құжаттарында.
Индустриялық аймақта экологиялық таза әрі заманауи өндірістерді дамыту, ескірген өнеркәсіп алаңдарын трансформациялау жоспарланған.
"Оларды орнықты өнеркәсіптік дамуды қолдауға, инновацияларды енгізуге және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға бағытталған эко-индустриялық парк форматында қайта жаңғырту көзделіп отыр. Мұндай тәсіл өндірістік базаны жаңғыртуға ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік аймақтарды қала құрылымына үйлесімді интеграциялауға да ықпал етеді", - деп есептейді Бас жоспарды әзірлеушілер ("Алматыбасжоспар" ЖШС).
"Батыс" полиорталығы. Бас жоспарды түзету құжаттарындағы карта
Болжам бойынша, полиорталықта 150 мыңнан астам адам тұратын болады. Тұрғын үй қоры 4,5 миллион шаршы метрді, коммерциялық нысандар 1,2 миллион шаршы метрді құрайды. Көгалдандыруға 287 гектар жер бөлінген.
Алматыда бес полиорталық құру туралы 2022 жылдан бері айтылып келеді. 2026 жылға қарай билік олардың екеуін - "Батыс" және "Шығыс қақпа" орталықтарын дамыту үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым құрылысына кірісті. Соңғысы туралы біз мына жерде жазған болатынбыз: Өз Венециясы мен “пойызы“ бар: Алматыдағы “Шығыс қақпа“ полиорталығы туралы не белгілі?
Тағы оқыңыз:
Алматыда LRT желісінің рельстері төселе бастады
