Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен төрт адам іздестіріліп жатыр
Атырау облысының Полиция департаменті әр жылдары жоғалып кетіп, осы уақытқа дейін табылмаған төрт ер адамға іздеу жарияланғанын хабарлады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Іздеудегілердің бірі – 1991 жылы туған Қуандық Мұратұлы Шүкралиев. Полиция мәліметінше, ол 2026 жылдың 11 ақпанында Қызылқоға ауданы Миялы ауылының Мөлтек шағын ауданындағы үйінен шығып кетіп, содан қайтып оралмаған.
Оның бойы шамамен 170–175 сантиметр, дене бітімі орташа, шашы қара, қысқа, сақалы бар. Жоғалған күні үстіне сұр футболка мен көк спорттық шалбар киген.
Сондай-ақ 1956 жылы туған Асқар Өтешовті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ол 2020 жылдың 15 шілдесінде Индер ауданы Жарсуат ауылының маңындағы шаруашылық аумағында мал бағып жүріп, жоғалып кеткен.
Ер адамның бойы шамамен 158–160 сантиметр, дене бітімі арықша келген, шашы қара, қысқа. Басында қара бөрік, үстінде көк спорттық күрте мен қара спорттық аяқ киім болған.
Бұдан бөлек, полиция 1987 жылы туған Сергей Сергеевич Меняйлоға іздеу салды. Ол 2026 жылдың 23 маусымында Атырау қаласы, Халел Досмұхамедов көшесі, 76А мекенжайынан шығып кеткен, содан бері оның қайда екені белгісіз.
Бойы 170–175 сантиметр, дене бітімі орташа, шашы қара, қысқа. Үстіне ақ жейде, қара шалбар, қара аяқ киім және қара спорттық кепка киген.
Төртінші іздеудегі адам – 1980 жылы туған Азамат Зиноллаұлы Әбенов. 2026 жылдың 17 шілдесінде Дамба ауылындағы Махмұт көшесі, 12-үй мекенжайынан шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Бойы шамамен 180–185 сантиметр, дене бітімі арықша келген. Басына ашық түсті бейсболка, үстіне торкөз жейде мен қоңыр шалбар киген.
Полиция барлық дерек бойынша іздестіру шаралары жалғасып жатқанын атап өтті. Жоғалған адамдардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетіндер болса, келесі телефон нөмірлеріне хабарласуын сұрайды: 102, 98-21-28 неме се +7 707 145 41 15.
