Аудиторлар Қорғаныс министрлігінің шығындарын тексере бастады
Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік аудит жүргізе бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Палатаның мәліметінше, тексеру "бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне, сондай-ақ, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін" анықтау мақсатында жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі, 26 қыркүйекте елдің Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне тексеру жүргізуді тапсырған еді.
Комиссия жеті күн ішінде атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін баяндауға тиіс.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте таңертең соңғы екі әскери қызметшінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Құтқарылған үш адамның біреуі - 19 жастағы Ақжол Темірәлиев. Ол ауруханаға ауыр хәлде түсіп, кейін жансақтау бөлімінен терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әәскери қызметшіге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Қазгидромет дауылды ескерту жариялаған: өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні болжанған.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Жоғары лауазымды бес басшы ұсталды. Тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Тағы оқыңыз: Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады
