Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласы салынды
Аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.
"Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ел аумағындағы теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртудан өтті. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыс жалғасуда. Күні кеше Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары ел игілігіне табысталды. Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір капсуласын салу жаңа нысан құрылысына ғана емес, аймақ дамуының жаңа белесіне бастау болмақ , – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір – уақыт талабы мен халық сұранысынан туындаған маңызды жоба.
Көпір ұзындығы 338 метр, ені 23 метр.
Айта кетейік, бүгінде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағын жасауға бағытталған.
Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда 30 млрд теңгенің 22 жобасы іске асырылуда.
