Көкшетау қалалық соты әкімшілігі басшысының өліміне қатысты департамент пікір білдірді
Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Өлім дерегін полиция растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ол 27 жаста еді" - оқиға қалай болды?
18 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ер адам өз өмірін қиған.
Қалалық пабликтер мәліметінше, марқұмның отбасы оған жұмыста қысым көрсетілуі мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, оған негізсіз тәртіптік жаза берілген көрінеді. Сондай-ақ қызметтік пәтер берілгеннен кейін бірнеше ай өткен соң, оны үйден шығару мәселесі туындаған деседі. Мәлімет бойынша, ер адам онда жұбайы және екі кішкентай баласымен тұрып келген.
"Тергеу жүріп жатыр" – полиция пікірі
Ақмола облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қысым көрсетілмеген бе?
Қызметкердің қазасына қатысты Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті де пікір білдірді. Ведомство оған қызметтік іс-әрекетіне байланысты ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді.
"Жұмыс істеген барлық кезеңде онымен қарым-қатынас іскерлік және сыпайы сипатта болды. Еңбек қатынастары аясындағы барлық шешім тек қызметтік себептермен қабылданды", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ департамент 13 тамыздағы сөгіс еңбек тәртібін бұзғаны үшін және тиісті негіздер болған соң жарияланғанын түсіндірді.
"Жаза тек қызметтік жағдайларға байланысты болды және ол жеке көзқарастың немесе қысымның көрінісі емес. Тәртіптік жаза бойынша материалдарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органы зерделеді. Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібінің бұзылуы анықталған жоқ", - делінген түсініктемеде.
Департамент қызметкерді қызметтік тұрғын үйден шығару мәселесі болмағанын және қаралмағанын, себебі бұл баспананы судьяға беру қажеттілігі туындамағанын ерекше атап өтті.
"Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Біз тергеуге қажетті көмек көрсетіп, сұралған ақпарат пен материалдарды ұсынып жатырмыз. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде қызметкердің еңбек қызметі мен жеке өміріне қатысты жайттар зерттеліп жатыр. Оқиғаның себептері туралы түпкілікті қорытынды тергеу нәтижелері бойынша ғана жасалады", - деп түйіндеді департамент өкілдері.
Ведомство қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
