Ресей күдіктіні Қазақстанға берді, ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Бас прокуратура психотроптық заттарды өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген күдікпен Ресейден Қазақстан азаматын экстрадициялады. Оған мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Есірткі өндірісі Теміртауда ұйымдастырылған
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті Теміртауда аса ірі мөлшерде психотроптық заттар өндірісін ұйымдастырған қылмыстық топтың құрамында болған.
Дайындалған заттар кейін Қарағанды облысының аумағында таратылған. Құқық қорғау органдары топ мүшелерінен 10 келіге жуық мефедрон тәркіледі.
Криптоалмастырғыштар арқылы 1,8 миллиард теңге заңдастырылған
Тергеу ақпаратынша, топ мүшелері қылмыстық әрекеттен түскен табысты түрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы заңдастырып отырған.
Жалпы сома 1,8 миллиард теңгеден астам соманы құрады.
Бұдан бөлек, топ мүшелері 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдарын сатып алған. Кейін мемлекет пайдасына өткізу үшін бұл активтерге тыйым салынды.
Күдікті Ресейде ұсталды
Прокуратура мәліметінше, фигурант өткен жылдың қазанында Ресей аумағында ұсталған. Осыдан кейін Қазақстан оны экстрадициялау туралы сұрау салу жолдады.
Қазіргі уақытта күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.
Топтың басқа мүшелеріне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жекелеген фигуранттарға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, ал басқа сыбайластар қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды.
Күдіктіге тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
