Добавить новость
123ru.net
World News
Сентябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

“Каф Марьям“ және жеңіл босануға көмектесетін басқа да құралдар: дәрігерлер не дейді?

0
Жүкті әйелдер босануды жеңілдету мақсатында дәрігерлер ұсынымына ғана емес, сонымен қатар түрлі халықтық әдістер мен өсімдіктеге де жүгінеді. Олар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер, форумдар мен тақырыптық алаңдардан табуға болады, онда болашақ аналар жеке тәжірибелерін бөлісіп, кеңес береді.
Солардың бірі - "Иерихон раушаны" ретінде де танымал "Каф Марьям". Осы өсімдік мысалында Tengri Health тілшісі "Иерихон раушанының" құрамы туралы не белгілі екенін, оның Қазақстанда тіркелген-тіркелмегенін, мұндай құралдардың қаншалықты қауіпсіз екенін және дәрігерлердің босануды жеңілдетудің мұндай әдістері туралы не ойлайтынын анықтады.
"Каф Марьям" дегеніміз не және зерттеулерде не айтылған?
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, "Каф Марьям" өсімдігінің ғылыми атауы Anastatica hierochuntica. Кейбір дереккөздерде оған түрлі пайдалы қасиеттер, соның ішінде босануды жеңілдету қабілеті таңылады.
Ескерту: Tengri Health босануды тездету немесе жеңілдету мақсатында "Каф Марьямды", сондай-ақ басқа да дәрілік өсімдіктерді, майларды, өнімдерді немесе соған ұқсас басқа құралдарды өз бетінше қолдануды ұсынбайды. Мұндай әдістердің тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденбеген болуы мүмкін, ал жүктілік кезінде олардың кейбіреуі қауіп төндіруі ықтимал. Кез келген босануды индукциялау медициналық көрсеткіштер бойынша және мамандардың бақылауымен жүргізіледі. Мақаладағы ақпарат тек танысу мақсатында берілген және акушер-гинеколог пен басқа да мамандардың кеңесін алмастыра алмайды.
Өсімдікті суға салса, ол біртіндеп ашылады. Кейбір әйелдер мұны жатыр мойнының ашылуының символикалық бастауы ретінде қабылдайды. Қолданудың тағы бір түрі де кездеседі - "Иерихон раушаны" салынған суды ішеді.
Дегенмен, оны жүктілік кезінде қолданудың қауіпсіздік мәселесі ашық күйінде қалып отыр - "Каф Марьямның" босануды жеңілдетудегі тиімділігі туралы ғылыми мәліметтер әртүрлі.
Түрік ғалымдарының Journal of Traditional and Complementary Medicine журналында жарияланған зерттеуіне сәйкес, 60 жүкті әйел қатысқан сынақ босанудың жекелеген кезеңдерінің ұзақтығы мен ауырсынуды сезінуде айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Алайда, авторлар өсімдікті қолданудың нақты шарттарын зерттеген, сондықтан бұл нәтижелер құралды барлық жүкті әйелдердің өз бетінше қолдануы қауіпсіз деген қорытындыға негіз бола алмайды.
Ал Journal of Asian Midwives басылымында жарияланған және 57 алғаш босанатын әйелдің қатысуымен жүргізілген түрік ғалымдарының зерттеуі, керісінше, Anastatica hierochuntica өсімдігінің босану ұзақтығын қысқарту қабілетін растамады.
Өсімдікті әлеуметтік желілерден оңай табуға болады
Өсімдіктің жүкті әйелдер үшін қауіпсіздігі туралы жеткілікті деректердің жоқтығына қарамастан, әлеуметтік желілерде "Каф Марьям" босануды жеңілдететін немесе тездететін құрал ретінде белсенді талқыланып жатыр.
Скриншот: Threads
Скриншот: Threads
Әйелдер жеке тәжірибелерін бөліседі, өсімдікті қалай қолданғандарын айтады, оны қайдан сатып алуға болатынын сұрайды және бір-біріне қолдану бойынша ұсыныстар береді.
Скриншот: Threads
Скриншот: Threads
Өсімдікті сату туралы ұсыныстар да кездеседі. Редакция тапқан хабарландырулардың бірінде "Каф Марьям" 5000 теңгеге ұсынылған.
Скриншот: Threads
Редакция Instagram-нан өсімдікті сатып алуды ұсынатын басқа да парақшаларды, сондай-ақ пайдаланушылардың сатушылар ұсынған кеңестері жазылған жарияланымдарын тапты.
Скриншот: Instagram
Өсімдік түрлі нұсқада сатылуы мүмкін - тұтас кептірілген күйінде, жеке пакеттерде немесе қораптарда, сондай-ақ бірнеше данадан тұратын жиынтықтарда. Бұл ретте оның сыртқы түрі мен қаптамасы сатушыға байланысты өзгеше болуы мүмкін.
Өсімдікті қабылдағаннан кейін не болады?
Дәл осы "Каф Марьямның" қауіпсіздік мәселесі редакцияның мамандарға жүгінуіне себеп болды.
Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген Астанадағы перзентханалардың бірінің акушер-гинекологы Tengri Health-ке 2026 жылы маусым және шілде айларында перзентханаға бірдей құралды қолданған бірнеше жүкті әйел түскенін айтты.
Дәрігердің айтуынша, босанатын әйелдер медицина қызметкерлеріне не ішкендерін бірден айтпаған. Кейінірек, оның сөзінше, әңгіме "Каф Марьям" туралы болғаны анықталған.
Біздің сұхбаттасушымыз әйелдердің бұл құралды босануды жеңілдету мақсатында қолданғанын айтты. Дәрігер босану кезінде олардың кейбіреуі қатты қозып, өзі "эйфория" деп сипаттаған күйде болғанын алға тартады.
Сөйлесу жазбасы мен дәрігер мәліметтері редакция иелігінде.
Денсаулық сақтау министрлігі не деп жауап берді?
"Каф Марьям" атауымен сатылатын өнімнің нақты не екенін, оның Қазақстанда тіркелген-тіркелмегенін және оны қолданудың жүкті әйелдер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін анықтау үшін редакция Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ЕАЭО-ның мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінен "Каф Марьям" және "Иерихон раушаны" атауларымен БАД (биологиялық белсенді қоспа) ретінде мемлекеттік тіркеуден өткені туралы мәліметтер табылмағанын хабарлады.
Бұл ретте ведомство тек атауына қарап нақты тауардың құрамын түпкілікті анықтау мүмкін емес екенін атап өтті.
Оны сәйкестендіру үшін қаптамадағы ақпарат қажет: өндірушінің атауы мен мекенжайы, шыққан елі, партия нөмірі, құрамы, штрих-код немесе GTIN, сондай-ақ бар болса, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі.
Басқаша айтқанда, әртүрлі тауарлар бір атаумен сатылуы мүмкін, сондықтан нақты үлгісі мен қаптамадағы деректері болмаса, әйелдің нақты не қабылдағанын анықтау мүмкін емес.
Ведомство мәліметінше, ғылыми басылымдарда өсімдіктің құрамында флавоноидтар, фенолды қосылыстар, терпеноидтар, алкалоидтар, сапониндер және илік заттарды қоса алғанда, әртүрлі биологиялық белсенді қосылыстардың бар екені сипатталған.
Анықтама: терпеноидтар, алкалоидтар, сапониндер және басқалары - бұл өсімдіктерде кездесетін және олардың қорғанысы мен зат алмасуына қатысатын табиғи қосылыстар. Олардың кейбіреулері антиоксиданттық және басқа да биологиялық қасиеттерге ие, бірақ мұндай қосылыстардың болуы өсімдіктің дәлелденген емдік әсері бар дегенді білдірмейді.
Сонымен қатар, құрамы өсімдіктің бөлігіне, өскен жеріне, дайындау және өңдеу жағдайларына, сондай-ақ дайындау әдісіне байланысты болуы мүмкін.
Санитарлық дәрігерлер "Каф Марьямды" өз бетінше қабылдауға кеңес бермейді
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүкті әйелдерге "Каф Марьямды" өз бетінше қолдануға болмайтынын ерекше атап өтті.

"Толғақты шақыру немесе индукциялаудың кез келген әдістерін жүктілік мерзімін, ана мен ұрықтың жағдайын және медициналық көрсеткіштердің бар-жоғын бағалағаннан кейін тек медицина қызметкерлері ғана жүргізуі тиіс", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство шөптік құралдарды толғақ шақыру үшін қолданылатын дәрілік препараттармен біріктіруден сақтандырады. Мұндай комбинациялардың қауіпсіздігі анықталмаған.
Бұл ретте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда сатылатын нақты "Каф Марьям" өнімінің жағымсыз әсер еткені туралы тіркелген және расталған сенімді мәліметтер жоқ екенін қосты.
Дәрігерлер босануды "жеңілдететін" халықтық әдістер туралы не дейді?
Акушер-гинеколог Сәбира Құлшымбаева босануды жеңілдету мен толғақты шақыруға тырысу арасында түбегейлі айырмашылық бар екенін түсіндіреді.

"Босанудың басталуы біздің бүгін немесе ертең босанғымыз келетін қалауымызбен емес, физиологиялық процестердің күрделі кешенімен анықталады", - дейді ол.

Босану әрекетінің басталуына жүктілік мерзімі, жатыр мойнының дайындығы, ана организміндегі гормоналды өзгерістер, плацента мен ұрықтың жағдайы, сондай-ақ жатырдың окситоцин мен простагландиндерге сезімталдығы әсер етеді.
Анықтама: окситоцин жатырдың жиырылуын күшейтеді және босануда маңызды рөл атқарады. Простагландиндер жатыр мойнының пісіп-жетілуіне ықпал етеді және жиырылуды ынталандырады. Жатырдың бұл заттарға сезімталдығы неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым белсенді жиырылады, бұл босану әрекетінің басталуы мен сақталуы үшін маңызды.

"Сондықтан үйде "толғақты шақыруға" тырысу - басталған толғақты жеңілдету үшін тыныс алуды немесе массажды қолданумен бірдей емес", - дейді маман.
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Сәбира Құлшымбаева
Акушер-гинеколог



Сарапшы туралы: Сәбира Құлшымбаева - медицина ғылымдарының докторы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының кеңесші-дәрігері, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ клиникалық генетика курсымен акушерлік және гинекология кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
"Каф Марьям" - дәстүрлі тәжірибеде босануды жеңілдету немесе тездету үмітімен қолданылатын құралдардың бірі. Ол Таяу Шығыс пен Азияның кейбір елдерінде қолданылады. Дегенмен, дәстүрлі қолданыс оның медициналық тиімділігі дәлелденгенін білдірмейді.

"Оны жатыр мойнын дайындаудың немесе босану индукциясының (толғақты жасанды түрде бастау - ред. ескертпесі) стандартты әдісі ретінде ұсынуға мүмкіндік беретін сапалы клиникалық деректер жеткіліксіз. Сондықтан мен босану әрекетін тездету мақсатында мұндай өсімдіктерді өз бетінше қолдануға кеңес бермес едім", - деп түсіндіреді Құлшымбаева.

Неге босануды әйелдің қалауы бойынша "бастауға" болмайды?
Егер медициналық көрсеткіштер бойынша толғақ шақыру қажет болса, дәрігер ана мен баланың жағдайын, жүктілік мерзімін, жатыр мойнының жетілуін және болуы мүмкін қарсы көрсетілімдерді бағалайды.

"Босануды медициналық ынталандыру жатырдың жиырылу сипатын, ұрықтың жүрек соғысын бақылауға және ықтимал асқынуларға дер кезінде әрекет етуге болатын перзентхана жағдайында жүргізіледі", - дейді дәрігер.

Сондықтан, сарапшының айтуынша, қауіпсіз индукция - бұл босанудың басталуын тездететін үй әдістерінің жиынтығы емес, медициналық процедура. Және әйелдер тарихи түрде қолданған баланы дүниеге әкелу процесін жеңілдету тәсілдерінің ешқайсысы емес. Олар қозғалып, массаж жасаған, денеге жылы заттар басқан және әртүрлі мәдени тәжірибелерді қолданған.

"Түркі халықтарында, оның ішінде қазақ дәстүрінде "ашу" және "босату" символикасына негізделген ырым-жырымдар болған: босанатын әйелдің шашын тарқатып, үйдегі түйіндерді шешкен, есіктерді, сандықтарды немесе құлыптарды ашқан. Қазіргі медицина тұрғысынан мұндай әрекеттер жатыр мойнының ашылуына тікелей әсер ете алмайды - олардың маңызы, ең алдымен, мәдени және психологиялық сипатта", - дейді акушер-гинеколог.

Босану кезіндегі қозғалыс
Бұл ретте, босануға байланысты мәдени дәстүрлердің кейбір практикалық элементтері заманауи ғылым үшін қызықты болып шықты - олар бойынша зерттеулер жүргізілді.
Құлшымбаеваның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы физиологиялық босану кезінде әйелдің қозғалыс еркіндігін және өзіне ыңғайлы қалыпты таңдау мүмкіндігін қолдауды, сондай-ақ релаксациялық және мануалды техникаларды қолдануды ұсынады.
Системалық шолулар босанудың бірінші кезеңіндегі қозғалыс пен дененің тік қалыбы толғақ ұзақтығының біршама қысқаруына ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.

"Әйел тартылыс күшін пайдаланады, жамбасын еркін қозғалтады және толғақты жеңіл өткеретін қалыпты таңдай алады", - деп түсіндірді Сәбира Құлшымбаева.

Сонымен қатар, босану үшін әмбебап "дұрыс қалып" жоқ. Әйелдің көңіл-күйі мен акушерлік жағдайға байланысты қалыпты өзгерте алу мүмкіндігі маңызды.
Массаж ауырсынуды азайта ала ма?
Массаж да босануды дәрі-дәрмексіз жеңілдету тәсілі ретінде зерттелді.
Дәрігердің мәліметінше, шолулардың бірінде 14 зерттеу қарастырылса, басқа бір мета-анализге 1055 босанушы әйел қатысқан 10 зерттеу енген.
Келтірілген деректерге сәйкес, массаж және басқа да мануалды әдістер ауырсынуды аздап азайтып, бақылау сезімін жақсартуы және әйелдің босану процесіне көңілі толуын арттыруы мүмкін. Дегенмен, көптеген жұмыстардағы дәлелдемелердің сапасы төмен немесе өте төмен деңгейде қалған.

"Сондықтан массажды қолдаудың қосымша тәсілі ретінде қарастыруға болады, бірақ оны ауырсынуды басудың кепілді әдісі деуге келмейді", - деп түйіндеді сарапшы.

TENS: электрлік стимуляция толғаққа көмектесе ме?
Тағы бір нұсқа - TENS немесе тері арқылы жасалатын электрлік нейростимуляция. Бұл әдіс кезінде терідегі электродтар арқылы әлсіз электр импульстері беріледі.
Анықтама: TENS - бұл тері арқылы жасалатын электронейростимуляция, жүйке ұштары мен бұлшықеттерге тері арқылы әлсіз электр импульстерімен әсер ететін физиотерапия әдісі.
1466 әйел қатысқан 17 зерттеуді қамтитын Cochrane шолуында TENS әдісінің ауырсыну қарқындылығы мен босанудың негізгі нәтижесіне айтарлықтай әсері анықталмаған. Соған қарамастан, көптеген әйелдер бұл әдісті субъективті түрде оң бағалаған.

"TENS әдісін қолдаудың қосымша нұсқаларының бірі ретінде қарастыруға болады, бірақ ол медициналық жансыздандыруды алмастыра алмайды", - дейді Құлшымбаева.

Құрма, таңқурай және басқа да өсімдіктер
Бөлек мәселе - "жатыр мойнын дайындау" немесе толғақ шақыру қабілеті бар деп есептелетін "Каф Марьям" сияқты өсімдік тектес және үй жағдайындағы құралдар.
Олардың қатарында жоғарыда аталған "Иерихон раушанынан" бөлек, құрма, қызыл таңқурай жапырағы, кастор майы мен кешкі примула майы, сондай-ақ түрлі шөптер аталады.
Дәрігер мұндай құралдарды тек табиғи болғаны үшін ғана қауіпсіз деп санамауға шақырады.

"Табиғи болу автоматты түрде қауіпсіз дегенді білдірмейді. Бұл әдістердің ешқайсын толғақ шақырудың медициналық әдісі ретінде қарастыруға болмайды. Мысалы, фитотерапияда қызыл таңқурай жапырағын жиі uterine tonic - "жатырды босануға дайындайтын" құрал деп атайды. Алайда оның босану ұзақтығын қысқартатыны немесе нәтижесін жақсартатыны туралы сенімді дәлелдер әзірге жоқ", - дейді маман.

Оның айтуынша, кешкі примула майы бойынша да мәліметтер қарама-қайшы, ал оны босануға дайындық үшін қолданудың қауіпсіздігі толық анықталмаған.
Кастор майы ішектің тегіс бұлшықеттеріне белсенді әсер етеді және жатырдың жиырылуына ықпал етуі мүмкін. Бірақ сонымен бірге ол асқазан-ішек жолдарында айқын жанама әсерлер тудыруы ықтимал.

"Әйелдерге мұндай "стимуляцияны" үй жағдайында өз бетінше жасауға кеңес беретіндей жеткілікті ғылыми деректер жоқ", - деп ескертеді акушер-гинеколог.

Толғақ шақыруға тырысудың мәні бар ма?
Емшек ұшын ширықтыру әдісінің физиологиялық түсіндірмесі бар - ол ағзадағы окситоциннің бөлінуін күшейтіп, тиісінше жатырдың жиырылуына әсер етуі мүмкін.
Алайда жүйелі ғылыми шолулар мұндай әрекеттердің қауіпсіздігі туралы мәліметтердің жеткіліксіз екенін, әсіресе жоғары қауіп тобындағы жүктілік кезінде сақ болу керек екенін көрсетеді.

Сондықтан, Құлшымбаеваның пікірінше, бұл әдістерді әлеуметтік желілердегі "толғақты қалай өз бетінше шақыруға болады" деген әмбебап кеңеске айналдыру - қате қадам.

Жыныстық қатынасқа келетін болсақ, оның құрамындағы простагландиндер, бөлінетін окситоцин және оргазм кезіндегі жатырдың жиырылуы толғақтың басталуына әсер етеді деп есептеледі. Дегенмен, бұл тұрғыда да нақты дәлелдер жоқ.
Неге жүкті әйелдер толғақты тездету жолдарын іздейді
Маманның айтуынша, мұндай әдістерге деген қызығушылық әбден түсінікті: жүктіліктің соңына қарай әйел физикалық тұрғыдан шаршауы, алдағы босану процесіне алаңдауы, белгілі бір күнде босанғысы келуі және жағдайды қандай да бір жолмен бақылауға тырысуы мүмкін.

"Осы сәтте әлеуметтік желілерде шөп шайын ішу, белгілі бір өнімді жеу немесе нақты бір процедураны орындау арқылы толғақты оңай бастауға болады деген жалған түсінік қалыптасады", - деп түсіндіреді Құлшымбаева.

Дәрігердің сөзінше, әйелдің баланы тезірек көргісі келуі табиғи босану процесіне қолдан араласуға себеп болмауы тиіс.
Қауіпті тәжірибелерсіз босануға қалай дайындалуға болады?
Сәбира Құлшымбаева босануға дайындық бойынша сапалы курстардан алдын ала өту өте маңызды деп есептейді. Олардың мақсаты - әйелге "ауырсынусыз босануды" уәде ету немесе үй жағдайында толғақ шақыруды үйрету емес.
Әйел бұл процестің физиологиясын түсінуі, алғашқы кезеңнің қалай басталатынын, толғақтың қалай өзгеретінін, қандай қалыптарды қабылдауға болатынын, тыныс алу, қозғалыс, массаж, жылу мен суды қалай қолдану керек екенін, сондай-ақ ауырсынуды басудың дәрі-дәрмектік және дәрі-дәрмексіз қандай нұсқалары бар екенін білуі тиіс.
Серіктестің дайындығы да кем түспейді. Ол әйелге қалай эмоционалды қолдау көрсетуді, дене қалпын өзгертуге қалай көмектесуді, массаж жасауды, тыныш жағдай қалыптастыруды және медициналық қызметкерлермен қалай өзара әрекеттесу керек екенін түсінуі қажет.

"Босану кезіндегі ауырсыну - бұл тек физиология емес. Оны қабылдауға қорқыныш, үрей, шаршау, қауіпсіздік сезімі, бұрынғы тәжірибе және болып жатқан жағдайды бақылай алу сезімі әсер етеді", - дейді сарапшы.

Сондықтан заманауи акушерлік босанудың тек медициналық нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар әйелде болашақта маңызы зор оң тәжірибенің қалыптасуына да баса назар аударады.
Ауырсынуды жеңілдету - толғақ шақыру дегенді білдірмейді
Дәрігер әйелге басталған толғақты жеңілдетуге көмектесетін әдістер мен "жатыр мойнын ашуға", "толғақ шақыруға" немесе "босануды тездетуге" қабілетті деп саналатын тәсілдерді араластырмауға шақырады.
Сәбира Құлшымбаеваның айтуынша, заманауи медицина дәстүрлі тәжірибені жоққа шығармай, оны тексеріп көрді. Қозғалыс, еркін қалыптар, массаж, жылу, релаксация және су заманауи акушерлік практикаға енді.
Ал толғақ шақырудың үй жағдайындағы және "шөптік" тәсілдеріне келетін болсақ, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметтер жиі жеткіліксіз болып жатады.
Авторы: Аружан Дәрібай
Аударған: Дина Шәріпхан





Загрузка...


Губернаторы России

Спорт в России и мире

Загрузка...

Все новости спорта сегодня


Новости тенниса

Загрузка...


123ru.net – это самые свежие новости из регионов и со всего мира в прямом эфире 24 часа в сутки 7 дней в неделю на всех языках мира без цензуры и предвзятости редактора. Не новости делают нас, а мы – делаем новости. Наши новости опубликованы живыми людьми в формате онлайн. Вы всегда можете добавить свои новости сиюминутно – здесь и прочитать их тут же и – сейчас в России, в Украине и в мире по темам в режиме 24/7 ежесекундно. А теперь ещё - регионы, Крым, Москва и Россия.


Загрузка...

Загрузка...

Экология в России и мире




Путин в России и мире

Лукашенко в Беларуси и мире



123ru.netмеждународная интерактивная информационная сеть (ежеминутные новости с ежедневным интелектуальным архивом). Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. "123 Новости" — абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Smi24.net — облегчённая версия старейшего обозревателя новостей 123ru.net.

Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам объективный срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть — онлайн (с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии).

123ru.net — живые новости в прямом эфире!

В любую минуту Вы можете добавить свою новость мгновенно — здесь.






Здоровье в России и мире


Частные объявления в Вашем городе, в Вашем регионе и в России






Загрузка...

Загрузка...





Друзья 123ru.net


Информационные партнёры 123ru.net



Спонсоры 123ru.net