Алматыда зейнеткер аяусыз соққыға жығылған: ер адамға үкім шықты
Алматыда сот Қарғалы шағынауданындағы аялдамада 66 жастағы әйелді аяусыз соққыға жыққан ер адамға қатысты үкім шығарды. Шабуыл жасаған адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске салсақ, 23 сәуірде таңертең Алматыдағы аялдамалардың бірінде егде әйелге шабуыл жасалған. Соққыға жығу сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалып, желіде тарады. Шабуыл видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Басы мен бетінен бірнеше рет ұрған
Іс материалдарына сәйкес, ер адам еш себепсіз егде әйелге тап беріп, оның басы мен бетінен жұдырықпен 5-6 рет ұрған, сондай-ақ бірнеше рет тепкен.
Салдарынан әйел басы мен бетінен көптеген жарақат алып, денесінде гематомалар пайда болған. Сот-медициналық сараптама келтірілген жарақаттарды денсаулыққа тигізілген жеңіл зиян деп таныды.
Ер адамның кінәсі оқиға орнындағы бейнежазба және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Үкім
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігі "Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша кінәлі деп танып, оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Сотталған азаматтан 534 348 теңге материалдық шығын, өкілге жұмсалған 500 мың теңге шығын және моральдық зиянды өтеу ретінде 500 мың теңге өндірілді.
Шабуылдаушы туралы не белгілі?
Шабуыл сәті жарияланғаннан кейін шабуылдаушының есімі белгілі болды. Ол бұрын сотталған 26 жастағы Алматы тұрғыны Т. болып шықты.
Тілшілер күдіктіге қатысты сот шешімін тапты. Құжатқа сәйкес, 2021 жылдың ақпанында ер адам кісі өлтіру (ҚК 99-бабының 1-бөлігі) және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бабының 1-бөлігі) баптары бойынша істі болған.
Сот материалдарынан белгілі болғандай, 2020 жылдың 18 сәуірінде Т. ата-анасымен бірге үйде болған. Сағат 23:30 шамасында оларға екі ер адам келген - олар сотталушының анасы еден жуушы болып жұмыс істеген дәмхана иелері еді. Олар әйелден ұрлады деп айыптаған алты миллион теңгені қайтаруды талап еткен. Келушілер бұған дейін де отбасын бірнеше рет қорқытып, ақша талап еткені атап өтіледі.
Есікті ашпаған соң, олар есікті темір ломмен бұзып, пәтерге басып кірген. Шақырылмаған қонақтар отбасы мүшелеріне күш қолдана бастағанда, Т. ас үйге жүгіріп барып, пышақ алып, ер адамдарға бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан олардың бірі қайтыс болған.
Сот талқылауы барысында Т.-ға тағылған айыптар жеңілдетілген баптарға қайта квалификацияланды: ҚК 102-бабы "Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру" " және ҚК 112-бабы "Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру".
Сондай-ақ сот отырысында медициналық құжаттарға сәйкес 2018 жылы Т.-ның "шизофрения белгілері бар жедел полиморфты психотикалық бұзылыс" түріндегі психикалық ауытқуды бастан өткергені белгілі болды. Алайда қылмыс жасаған сәтте ол есін білген және өз іс-әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болған.
Нәтижесінде, іс материалдарын зерделей келе, сот оны қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, сондай-ақ жазасын өтеу орны бойынша оған психиатрдың амбулаторлық мәжбүрлі бақылауы мен емін тағайындаған.
