Шексіз үш минут: Ақмола облысындағы мектеп медбикесі нәрестені қалай құтқарып қалды?
Ақмола облысы Қабанбай батыр ауылында мектеп медбикесі нәрестені ажалдан арашалап қалды. Оның медициналық кабинетіне ес-түссіз жатқан алты айлық баланы алып келген. Әйел әр минуттың санаулы екенін бірден түсініп, реанимациялық шаралар жасап, сәби қайта дем алғанша тоқтатпаған. Tengri Health тілшісі оқиғаның мән-жайын білді.
"Тамыр соғысы мен жүрек қағысын сезбедім": не болды?
Редакцияға Ақмола облысы Қабанбай батыр ауылындағы мектеп-лицей директорының орынбасары Меруерт Асанова хабарласты. Ол таңғажайып оқиға туралы айтып берді: жуырда мектеп медбикесі Айнагүл Асылханова нәрестені құтқарып қалған.
Болған жағдайдың егжей-тегжейін білу үшін біз Айнагүлдің өзімен байланыстық.
Оның айтуынша, оқиға 7 қыркүйек күні таңғы сағат 11 шамасында болған. Аналардың бірі мектепке үлкен балаларын сабақтан алып кетуге келген. Қолында алты айлық сәбиі болған.
"Әйел үлкен балаларын күтіп тұрғанда, кішкентайы ұйықтап жатып бірдеңеге - сүтке ме, әлде құсыққа ма - шашалып қалған. Мен мұны өзім көрген жоқпын, маған кейін айтып берді", - дейді Айнагүл Асылханова.
Анасы сәбиге өзі көмектеспек болған. Оны далаға шығарып, сілкілегенімен, нәрестенің жағдайы жақсармаған, керісінше, көгере бастаған. Сол кезде куәгерлердің бірі мектепте медбике бар екенін айтқан.
Сағат 11:05-те нәрестені Айнагүлге алып келген.
"Мен оның жағдайын бірден бағаладым. Ол ес-түссіз жатты, дем алмайтын. Тамыр соғысы мен жүрек қағысын сезбеген соң, бірден жедел жәрдем шақырдым", - деп еске алады ол.
Шексіз үш минут: реанимация сәті
Айнагүл жағдайдың қаншалықты ауыр екенін бірден түсінді. Бәрін еш кідіріссіз, қолмен жасауға тура келді.
Ол дәкені алып, нәрестенің аузы мен мұрнына басып, тыныс жолдарын бітеп тұрған массаны өзіне сорып алып, тазалап шықты.
"Әр минуттың қымбат екенін түсіндім. Қанша уақыт өткенін де білмедім: баланы алып келгенде ол көгеріп кеткен, аяқ-қолдары күлгін тартқан еді. Бірақ абдырап қалмауға тырыстым", - дейді медбике.
Айнагүл нәрестенің аузы мен мұрнын тазалағаннан кейін, өміріндегі ең ұзақ үш минут басталғанын айтады. Ол балаға абайлап жасанды тыныс алдырып, жүрекке массаж жасаған.
Кеуде тұсын 15 рет басу және екі рет жаймен ауа үрлеу - осы әрекетті қайталай берген.
"Бұл нәресте ғой, оған қатты ауа жіберуге болмайды, оттегін баяу беруге тырыстым", - деп түсіндірді Айнагүл.
Бірінші минут өтті. Кейін екіншісі. Үшінші минутта да ешқандай реакция болмады. Айнагүлдің ойына "әрі қарай не істеймін, полиция шақыру керек пе" деген қорқынышты ойлар келе бастаған.
Шешуші сәт реанимацияның төртінші минутында туды.
Нәрестенің мұрнынан сүтке ұқсас ақ сұйықтық шыға бастады. Айнагүл тыныс жолдарының ашылғанын түсініп, реанимацияны жалғастырды.
Көп ұзамай ол алғашқы сырылды естіді. Бала медбике берген ауаны өздігінен шығара бастады.
Сағат 11:11-де нәресте көзін ашты.
Жеңілдеу және дәрігерлердің келуі
"Ол жайлап жылай бастады. Қатты емес, өйткені әлі құрыған сияқты", - дейді Айнагүл.
Ол баланың жағдайын бақылап, аяқтарын уқалап отырды. Біртіндеп жылаған дауысы қаттырақ шыға бастады.
Сағат 11:20 шамасында оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы жетті. Дәрігерлер сәбиді тексеріп, тамыр соғысы мен тыныс алуы толық қалпына келгенін анықтады. Олар қымбат уақытты жоғалтпаған медбикеге алғыс айтты.
Айнагүл Асылханова мектеп медбикесі болып бес жылдан бері істейді, бірақ медициналық ұйымның қызметкері ретінде есепте. Оның айтуынша, бұған дейін көп жыл бойы ересектер ауруханасында жұмыс істеген, сондықтан тәжірибесінде нәрестені құтқару жағдайы алғаш рет болып тұр.
Реанимация сәті есеңгіреп қалған мұғалімдер мен балалардың көз алдында өтті. Осы уақыт бойы Айнагүл анасын және айналасындағыларды шошытып алмау үшін өзін байсалды ұстаған.
Тек жедел жәрдем келгенде ғана бойын билеген қобалжу сыртқа шыққан:
"Баланы жедел жәрдемге тапсырған соң, өзім де абдырап, жылап жібердім", - дейді медбике.
Келесі күні риза болған ана Айнагүлге гүл шоғы мен торт алып келген.
Фотоны Айнагүл Асылханова ұсынды
Біз Айнагүлдің суретін де жариялағымыз келген, бірақ ол қарапайымдылық танытып, бас тартты: тек өз міндетін атқарғанын айтты.
"Керек емес. Мен тек өз борышымды орындадым. Бұл менің міндетім... Біз Гиппократ антын бердік қой".
Бүгінде оның айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы.
Бұған дейін Ақмола облысындағы жол-көлік оқиғасынан ауыр зардап шеккен Галина Федоренконың оқиғасын жазған едік. Апат салдарынан оның екі жақыны қаза тауып, әйелдің өзі ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің көмегінің арқасында оңала бастаған оның жақындары медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
