“Азық-түлікті құдықта сақтаймыз“: Ақтөбе маңында тұрғындар жеті жылдан бері жарық пен сусыз өмір сүріп келеді
"Жұбайым жарық берілгенін көре алмай кетті"
Зейнеткер Әскербек Смағұловтың Жаңа ауыл-1 тұрғын алабында тұрып жатқанына бір жыл болды. Үйінің іргетасын 2019 жылы қалап, құрылысты біртіндеп жүргізген. Содан бері бірнеше жыл өткенде ғана көшіп келудің сәті түсіпті.
Осы уақыт ішінде ақсақал жұбайынан айырылды. Енді үлкен үйде жалғыз өзі тұрып жатыр.
Балалары әкесіне жиі келіп тұрады, болашақта олар да осы маңға қоныстанғысы келеді. Бірақ ауылда қарапайым жағдай жасалмағандықтан, балалы отбасының көшіп келуі әзірге мүмкін болмай тұр.
"Жұбайым жақында қайтыс болды. Үйге жарық берілгенін көре алмай кетті. Өзім де көре алмай қаламын ба деп қорқамын. Үйді жақсы, үлкен, жайлы етіп салдық. Балаларым менімен бірге тұруға қуана келісер еді. Бірақ мұнда қалай тұрасың? Мен зейнеткермін, өркениет игіліктерінсіз де бір амалдап күнелтермін. Ал немерелеріме оқу керек, сабақ орындауы қажет. Электр жарығысыз бұл мүмкін емес", - дейді Әскербек Смағұлов.
Тоңазытқыш - жер астында
Әскербек аға жарықсыз қалай күн кешіп жатқанын көрсетті. Ол тоңазытқышты мүлдем қолданбайды - тез бұзылатын өнімдерді кәріз құдығында сақтайды. Сүт, айран және басқа да азық-түлікті пакетке салып, жіппен байлап, төмен түсіреді.
"Бұзылып кетпес үшін үстін шифермен жауып қоямын. Қазір күн салқындады, сондықтан осылай сақтауға болады. Ал жазда ыстықта мұндай қойма да құтқармайды", - дейді зейнеткер.
Ол азық-түлікті артығымен сатып ала алмайды. Сондықтан ең қажеттісін ғана тұтынады.
Суы - ащы, ішетін суды қаладан тасиды
Жаңа ауыл-1-дегі су мәселесі де мәз емес. Мұнда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Көршілердің бірі ұңғыма қазғанымен, суы ащы болып шыққан, ішуге жарамсыз.
Оны шаруашылық қажеттіліктеріне ғана пайдаланады.
Тұрғындар ішуге жарамды суды Ақтөбеден бөтелке мен канистрлерге толтырып тасиды. Десе де, халық ең өзекті мәселе ретінде электр жарығының жоқтығын айтады. Мұнда бір қысты өткергендер жарық береміз деген уәдені талай естігендерін айтады.
"Былтыр тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімі бізге жарық береміз деп уәде еткен. Біз сеніп, үйге кіріп алдық. Бірақ жарық әлі жүргізілген жоқ. Қыста үйге газ кіріп тұрса да, құбырымыз қатып қалып, суықта отырдық. Жарық болмаса, жылытқышты қоса алмайсың ғой", - дейді тұрғын Самат Иманғазин.
Оның үйінде кішкентай немерелері бар. Кенжесі әлі үш жасқа да толмаған. Отбасы күндіз қозғалтқышты қосады, ал кешке аккумуляторды пайдаланады. Бірақ оның күші небәрі екі сағатқа жетеді. Жазда азық-түлікті Ақтөбедегі туыстарына апарып тастауға мәжбүр, әр барған сайын ең қажеттісін ғана алып қайтады.
"Бізге тек жарық керек. Онсыз мұнда қалыпты өмір сүру мүмкін емес", - дейді ол.
Жаңбырдан кейін мектеп автобусы кіре алмайды
Тағы бір түйткілді мәселе - жол. Тұрғын үй алабында асфальт жоқ, сондықтан күз келісімен тұрғындар жаңбыр жауа ма деп үрейленеді. Жауын-шашыннан кейін көшелер көлкіген балшыққа айналады. Мектеп көрші елді мекенде орналасқан. Балаларды мектеп автобусы алып кетуі тиіс. Бірақ жол езілген кезде үйлерге көлік те жете алмайды.
"Күн ашықта автобус келеді. Бірақ жаңбыр басталса - не жүре алмайсың, не өте алмайсың. Айналаның бәрі ми батпақ. Асфальт жақын арада бола қоймайтынын түсінеміз. Бірақ жарықты күтуге шыдамымыз таусылды", - дейді Жаңа ауыл-1 тұрғыны Аманқос Мұхамбетқазиев.
Оның айтуынша, жазда ауылға техника келіп, жұмыс басталған. Жергілікті жұрт "жарық берілетін болды-ау" деп қуанған.
"Бірақ кейін жұмысшылар да, техника да ғайып болды. Қазан-қарашада бәрі дайын болады деп уәде берген еді. Әзірге ешқандай қозғалыс көріп тұрған жоқпыз", - дейді тұрғын.
Жарықты күздің аяғына дейін беруге уәде етті
Билік өкілдері заманауи тұрғын үй алабында май шаммен және аккумулятормен күн кешудің қалыпты жағдай емес екенін мойындайды. Бұл ретте жарық қосу жұмыстары кестеге сай жүріп жатқанын алға тартады.
"Бүгінде Жаңа ауыл-1-ді электрмен жабдықтау жұмыстарын "Айком" компаниясы жүргізіп жатыр. Нысанды келесі тоқсанда - шамамен қазан-қарашада тапсыру жоспарланған. Жоба жүзеге асқаннан кейін 2250 жер теліміне электр жарығы беріледі", - деп хабарлады Ақтөбе құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантөрин.
Жаңа ауыл-1 тұрғындары енді кезекті уәдені емес, нақты өзгерістерді күтеді. Олар осы күзде үйлерінде жарық жағып, тоңазытқыш пайдаланып, азық-түлікті кәріз құдығында сақтаудан құтыламыз ба деп үміттенеді.
Бұған дейін Tengrinews.kz Ақтөбе маңындағы Бекқұл баба тұрғын алабының тұрғындары туралы жазған болатын. Халық жарықтың жиі өшуінен, қоғамдық көліктің жоқтығынан және жолдардың нашарлығынан зардап шегіп отыр. Тұрғындар жарық бірнеше сағаттап болмайтын, техникалар істен шығатын, ал энергиямен жабдықтаудағы іркіліс салдарынан үйлерде су тоқтайтын жағдайда күн кешуге мәжбүр. Тұрғын алабы Ақтөбеден небәрі 20 шақырым жерде орналасқанымен, жергілікті жұрт өздерін қараусыз қалған мекенде жүргендей сезінеді.
