Қазақстанда психологтарға не істеуге болады және неге тыйым салынады: жаңа ережелерді талдаймыз
Қазақстанда психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидалары дайындалып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті бұйрық жобасын "Ашық НҚА" порталында жариялады, деп хабарлайды Tengri Health.
Tengrinews.kz редакциясының иелігіне құжаттың толық нұсқасы түсті. Психологтар тізіліміне кімдер кіре алатынын, қазақстандықтар олар туралы қандай ақпаратты көре алатынын және маманға қандай жағдайларда жұмыс істеуге тыйым салынуы мүмкін екенін талдап көрейік.
Тіркеусіз психолог болып жұмыс істеуге бола ма?
Жобаға сәйкес, тізілім Қазақстанда жұмыс істейтін психологтардың бірыңғай электрондық базасына айналады. Оған жеке практикамен айналысатын немесе жалданып жұмыс істейтін мамандар да, мемлекеттік мекемелердің психологтары да кіреді.
Бұл ретте қолданыстағы заң психологиялық қызмет үшін негізгі ережені белгілейді: мемлекеттік тізілімде тіркелмеген адам психологиялық қызметпен айналысуға және психологиялық көмек көрсетуге құқылы емес. Сонымен қатар егер бұл оның психологиялық қызметпен айналысатыны туралы әсер қалдыруы мүмкін болса, ол өзін психолог деп атай алмайды немесе "психо" сөзі бар туыстас атауларды пайдалана алмайды.
Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың психологтары үшін бөлек ерекшелік қарастырылған - оларға тізілімді жүргізу қағидалары қолданылмайды.
Қазақстандықтар психолог туралы қандай деректерді көре алады?
Тізілімнің бір бөлігі жалпыға қолжетімді болады. Қазақстандықтар маманның тегін, атын және әкесінің атын, тұратын өңірін, мамандығын және тізілімдегі жазбаның мәртебесін көре алады.
Бұл ретте толық базада әлдеқайда көп ақпарат болады: білімі, жұмыс орны, біліктілік деңгейі, біліктілікті арттыру туралы мәліметтер, ал 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап сертификаттаудан өткені туралы мәліметтер де енгізіледі.
Әрбір тіркелген маманға автоматты түрде бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі.
Жобада психологиялық қызметтің 17 бағыты қарастырылған. Олардың қатарында балалар, жасөспірімдер, отбасылық, нейропсихология, спорттық, педагогикалық, клиникалық, әлеуметтік, әскери, заңгерлік, дағдарыстық, ұйымдастырушылық психология және еңбек психологиясы, арнайы, перинаталдық, геронтопсихология, сот және ересек жастағы психология бар.
Психолог ұсынылған тізімнен бір немесе бірнеше мамандықты өз бетінше таңдап көрсететін болады.
Психологтарға қандай талаптар қойылады?
Тізілімге кіру үшін психология саласында жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің не ғылыми дәреженің болуы қажет. Шетелде алынған диплом Қазақстанда танылуы тиіс.
Бастапқы тіркеу үшін біліктілікті арттыру талап етілмейді. Алайда, кейіннен одан бес жылда кемінде бір рет.
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы бір талап - кәсіби біліктілікті растау туралы сертификат.
Өтінімді Ұлттық біліктілік жүйесі платформасындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ пайдалана отырып, онлайн беруге болады. Әдетте ол бес жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер мемлекеттік жүйелерден қосымша ақпарат қажет болса, мерзім тағы ең көбі бес жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Мемлекет тіркеу алдында нені тексереді?
Мәліметтердің бір бөлігін мемлекет автоматты түрде ала алады. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелер арқылы білімі, еңбек қызметі, жұмыс істеуге сот шешімімен тыйым салудың бар-жоғы туралы деректер, сондай-ақ адамның психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда динамикалық бақылауда болуы тексеріледі.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер психологта болса ментальды денсаулығында проблемалар болса, оны тізілімге қосудан бас тартылуы мүмкін. Бұл ретте әңгіме нақты динамикалық бақылау туралы болып отыр, адамның психиатрға кез келген жүгінуі немесе оның психиатриялық көмек алуы туралы емес.
Сондай-ақ құжаттар пакетінің толық болмауы, жалған мәліметтер немесе қажетті білімнің жоқтығы себебінен де тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
Қандай жағдайларда психолог жұмыс істеу құқығынан айырылады?
Тізілімге ену мамандыққа өмір бойы рұқсат алу дегенді білдірмейді.
Жобаға және психологиялық қызмет туралы заңға сәйкес, егер психолог заң талаптарын бұзса, сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылса, психикалық денсаулық ұйымында динамикалық бақылауда болса немесе өзі психологиялық көмек көрсеткен адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтірсе, оны тізілімнен шығарып тастауы мүмкін.
Тізілімнен шығарылғаннан кейін оған кемінде алты айдан кейін қайта оралуға болады. Қайта тіркелу кезінде шығаруға себеп болған мән-жайлардың жойылғанын растайтын құжаттарды ұсыну қажет болады.
Заң бойынша психологтарға не істеуге болмайды?
Заңда психологтардың жұмысындағы шектеулер белгілейді.
Атап айтқанда, психологтың медициналық диагноз қоюға және дәрі-дәрмекпен емдеуді тағайындауға, санаға әсер ететін психобелсенді заттарды немесе психобелсенді әдістерді қолдануға құқығы жоқ.
Егер клиенттен медициналық араласуды қажет ететін психикалық немесе мінез-құлық бұзылыстарының белгілері анықталса, психолог мұндай көмекті өз бетінше көрсетуді тоқтатуы тиіс. Маман оған дәрігер-психиатрға жүгінуді ұсынуға міндетті.
Бұдан бөлек, психологтарға клиентке психологиялық көмектің нақты нәтижесіне кепілдік беруге тыйым салынады. Бұл шектеу жарнамаға да қолданылады.
Басқа да талаптар бар. Жұмысты бастамас бұрын психолог клиенттің хабардар етілген келісімін алуы, оған өзінің біліктілігі туралы айтуы, кәсіби құпия мен құпиялылықты сақтауы тиіс. Жеке практика кезінде шарт жасасу қажет.
Егер жағдай психологтың құзыретінен тыс болса немесе мүдделер қақтығысы туындаса, ол жұмыстан бас тартуға міндетті. Ал клиенттің немесе басқа адамдардың өміріне не денсаулығына қауіп төнген жағдайда - бұл туралы тиісті органдарға дереу хабарлауы тиіс.
Онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін психологтар үшін де бөлек талаптар қарастырылған: олар онда мемлекеттік тізілімдегі тіркеуі, білімі және біліктілігі туралы мәліметтерді орналастыруы керек.
Психотерапияға қандай талаптар қойылады?
Заңда медициналық емес психотерапия бөлек көрсетілген. Онымен осы салада қосымша дайындықтан өткен психологтар айналыса алады. Оқудан өткеннен кейін оларға басқа психологтың супервизиясымен практикалық жұмыс кезеңі де қажет болады.
Бұл ретте медициналық емес психотерапия медициналық араласуды қажет ететін психикалық және мінез-құлық бұзылыстарын емдеуді көздемейді.
Еске сала кетейік: 2 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев психологиялық қызмет туралы заңға қол қойды, ол Қазақстандағы психологтардың жұмысын алғаш рет кешенді түрде реттейді. Құжат мемлекеттік тізілім құруды, мамандардың білімі мен біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптарды, сертификаттауды, кәсіби стандартты және этика кодексін қарастырады. Тізілімге енбеген психологтарға психологиялық қызметпен айналысуға және өзін психолог деп атауға тыйым салынады.
Жаңа ережелердің қажеттілігі бұған дейін, соның ішінде жалған психологтар мен коучтар қызметінің белең алуымен түсіндірілген болатын.
