Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын салымшының жасына қарай инвестициялау ұсынылды
Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау тәсілін өзгерту жоспарланып отыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшылары үшін "жас ерекшелігіне қарай портфельдерді" енгізу, сондай-ақ зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беру ұсынылып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы капитал нарығын дамыту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрағасының орынбасары Нұрлан Тұрсынханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл бастамалар Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына енген.
Жас ерекшелігіне қарай инвестициялау: ол қалай жұмыс істейді?
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің 100 пайызға жуығы Ұлттық банктің басқаруында және азаматтардың зейнетке шығуына қанша жыл қалғанына қарамастан, барлығына ортақ бірыңғай стратегия бойынша инвестицияланады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, салымшының жасына байланысты инвестициялау жүйесін енгізу ұсынылған.
"Бүгінде тәуекел деңгейі әртүрлі портфельдерді тек жеке басқарушылар ғана ұсынып отыр. Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтері бірыңғай стратегия бойынша инвестицияланады, ол салымшының зейнет жасына жақындауына қарай тәуекелдерді өзгертуді қарастырмайды. Сондықтан әдепкі бойынша жас ерекшелігіне қарай портфельдерді енгізу ұсынылады. Жас салымшылар үшін олар акциялар мен өсу құралдарының жоғары үлесін қарастырса, зейнетке жақындаған сайын біртіндеп консервативті және өтімді активтерге көшу көзделеді", - деді Нұрлан Тұрсынханов.
Нақты параметрлер мен жас шектеулері халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын ескере отырып айқындалмақ.
Жеке басқарушы компаниялар БЖЗҚ ақшасына қол жеткізеді
Тағы бір маңызды жаңалық - зейнетақы ақшасының бір бөлігін кезең-кезеңімен лицензиясы бар жеке компаниялардың басқаруына беру. Сонымен қатар, агенттік БЖЗҚ-ның өзі және жинақтаушы жүйенің базалық негіздері сақталатынын атап өтті.
"Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негіздері өзгермейтінін баса айту маңызды. Зейнетақы жарналары бұрынғысынша БЖЗҚ-ға түсіп, салымшылардың жеке шоттарында есептеледі. Ұлттық банк инвестициялық саясатты қалыптастыру және бақылау жөніндегі негізгі функцияларын сақтап қалады", - деп түсіндірді ҚНРДА төрағасының орынбасары.
Бұған дейін біз 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда БЖЗҚ салымшылары үшін мүмкіндіктер кеңейетіні туралы жазған болатынбыз. Азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражаттың 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфель басқарушыларына беру құқығына ие болады.
Тағы оқыңыз: Өмір бойғы зейнетақы немесе инвестициялық табыс: қазақстандықтарға не ұсынылады?
