Айыппұлдар мен шектеулер? 2027 жылдан бастап Алматыда жүргізушілер үшін не өзгереді?
Ереже қашан күшіне енеді?
"Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары" 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітіліп, 2026 жылғы 8 қаңтарда жарияланды. Құжаттың негізгі талаптары бір күнтізбелік жылдан кейін – 2027 жылғы 8 қаңтарда күшіне енеді.
Олардың қатарында – белгіленген шығарындылар нормативтеріне сәйкес келмейтін автокөліктері LEZ аймағында пайдалануға тыйым салу бар.
Анықтама: LEZ (Low Emission Zone) – бұл зиянды заттардың шығарылу деңгейі төмен аймақ. Жоба қаладағы экологиялық жағдайды және ауа сапасын жақсартуға бағытталған. Алматыда LEZ әзірге пилоттық (техникалық) режимде жұмыс істеп тұр, шектеулер мен айыппұлдар қолданылмайды.
"Бірінші кезең – пилоттық. Біз камераларды баптап, жүйені ретке келтіреміз, сондай-ақ техникалық байқау станцияларымен тиісті келісімшарттар жасап, олар пайдаланылған газдарды тексеру кезіндегі ақпаратты автоматты режимде беріп отыруы үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деп түсіндірді Алматы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев брифингте.
Бұдан кейін негізгі кезең басталмақ.
Кіру ақылы болмай ма?
Брифингте ақылы кіру мәселесі бөлек нақтыланды. Жоба өкілдері: қолданыстағы ережелерде LEZ аймағына кіру үшін ақы алу қарастырылмағанын атап өтті.
"Ақы төлеу мен айыппұл – екеуі екі бөлек нәрсе. Ақы алу қарастырылмаған. Айыппұлдар қарастырылған, бірақ айыппұл аймаққа кіргені үшін емес, техникалық тексеру рәсімінен өтпегені үшін немесе техникалық тексеруден өтіп, бірақ шығарындылар нормативтеріне сәйкестігін растамағанына қарамастан, аймақ ішінде көлікті пайдалануды жалғастырғаны үшін салынады", – деп түсіндірді Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев.
Спикердің жауабына сәйкес, аймаққа кіргені үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Бірақ егер автокөлік экологиялық тексеруден өтуі тиіс болып, иесі оны орындамаса немесе көлік шығарындылар нормасына сәйкес келмесе, соған қарамастан аймақ ішінде жүруді жалғастырса, бұл үшін айыппұл салынуы мүмкін.
Осылайша, ақы төлеп, LEZ талаптарына сәйкес келмейтін көлікпен жүре беру мүмкін болмайды. Қазір мұндай механизм қарастырылмаған.
Бұған дейін қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев LEZ аймақтарында экологиялық нормаларға сәйкес келетін автокөліктер ғана жүре алатынын (Евро-5-тен төмен емес деп көрсетілген болатын). Заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл ретте Сматлаев 2026 жылы Алматыға ақылы кіру енгізілмейтініне сендірді. Бұл норманы енгізу үшін Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу қажет.
Айыппұл 8 қаңтардан бастап бірден салына ма?
Брифингте жүргізушілерді жауапкершілікке тарту үшін екі шарт орындалуы тиіс екені айтылды:
ереже талаптары күшіне енуі керек,
Алматы әкімдігі LEZ шекараларын пилоттық емес, толыққанды режимде ресми түрде бекітуі тиіс.
"Егер аймақ ресми түрде толыққанды режимде енгізілмесе, сізге ешкім айыппұл салмайды. Пилоттық режим – бұл тек әкімшіленедіруді сынақтан өткізу, белгілерді қою, ақпараттық жүйенің қалай жұмыс істейтінін көру, ІІМ деректер базасымен интеграция жасау үшін қажет", – деп түсіндірді Ерлан Бұзырбаев.
LEZ аймағы кеңеюі мүмкін
Қазіргі уақытта LEZ пилоттық режимде Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсаннан шығысқа қарай және Достықтан батысқа қарай орналасқан шаршыда жұмыс істеп тұр. Алайда алдағы уақытта аймақ шекарасы кеңеюі мүмкін.
"Шекаралар кеңейтілуі мүмкін, бәлкім, сол шаршы шегінде қалады. Әзірге бұл мәселені қала әкімдігі серіктестермен бірлесіп қарастырып жатыр", – деді Экология басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев.
1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін техникалық тексеру енгізіледі. Ол кезекті жоспарлы техникалық байқау кезінде міндетті болады.
Бензинді және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарының улылығы, ал дизельді көліктердің түтінділігі тексеріледі. Тексеру ҚР СТ 1433-2023 стандарты бойынша жүргізіледі.
Жаңа тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ. Егер автокөлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, құжат белгіленген мерзімі аяқталғанша жарамды болады.
Анықтама. Техникалық тексеру тек автокөліктің экологиялық көрсеткіштеріне қатысты болады.
Осылайша, техникалық тексеру техникалық байқауды алмастырмайды және оның құрамына кірмейді. Дегенмен, жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін, қалдықтар деңгейін тексерусіз жоспарлы техникалық байқаудан өту мүмкін болмайды.
Жаңа ережелер кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге қолданылады. Егер көлік осы күнге дейін техникалық байқаудан өтсе, құжат мерзімі біткенше жарамды. Рәсімнен қайта өту немесе шығарындылар деңгейін алдын ала тексеру талап етілмейді. Техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген жұмыс істеп тұрған орталықта өтуге болады. Шығарындыларды тексеруді тек сертификатталған жабдығы бар және бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станциялар жүргізеді.
Бұл ретте жүргізуші тиісті аккредиттелген станцияны таңдаса, екі рәсімнен бір жерде өте алады. Станциялар тізімі — мына сілтемеде.
Автокөлік тексеруден өтпесе не болады?
Ерлан Бұзырбаев техникалық тексеру кезінде нормативтерден асып кеткені үшін жүргізушіге айыппұл салынбайтынын түсіндірді. Жүйеде автокөліктің тексеруден өтпегені туралы белгі пайда болады.
LEZ толық іске қосылып, әкімдік оның шекарасін бекіткен кезде, мұндай көлікпен аймақ ішінде жүруге тыйым салынады.
"Осы сәттен бастап бұл әкімшілік жаза қолданылатын әрекет болып саналады. Бірінші дерек бойынша заң талаптарын бұзғаны туралы адамға ресми ескерту жіберіледі. Егер камера деректері арқылы анықталса, келесі рет көлікті пайдалану әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады", – деп түсіндірді Бұзырбаев.
Бұл ретте жүргізуші автокөлігін жөндеп, тексеруден қайта өте алады.
"Егер нормадан асу дерегі анықталып, адам көлікті тиісті техникалық күйге келтірсе, оның қайта тексеруден өтуге мүмкіндігі болады. Тиісті операторда қайта техникалық тексеруден өткеннен кейін жүйедегі мәртебені өзгертуге және автокөлікті ешқандай айыппұл санкциялары мен шектеулерсіз еркін пайдалануға болады", – деді сарапшы.
Осылайша, спикерлердің жауабына сәйкес, аймаққа кіреберісте шлагбаумдар болмайды. Бақылауды мемлекеттік нөмірлерді танитын және автокөліктердің LEZ талаптарына сәйкестігін тексеретін камералардың көмегімен автоматты түрде жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ олардың нақтылауынша, экологиялық класы Евро-5-тен төмен автокөлік аймаққа кіре алады, бірақ бұл оған онда жүруге рұқсат етілгенін білдірмейді. Егер мұндай автокөлік белгіленген талаптарға сәйкестігі расталмай аймақта пайдаланылса, иесіне айыппұл салынуы мүмкін.
Алматыда LEZ техникалық пилоттық жобасы 2026 жылдың 28 сәуірінен бастап жұмыс істеп тұр. Жыл аяғына дейін жүйе айыппұлдар мен шектеулерсіз тесттік режимде жұмыс істейді. Жаңа талаптарды 2027 жылдан бастап толыққанды қолдану жоспарланған.
Алматыдағы LEZ аймағы
Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы LEZ аймағы Алматы орталығында 2026 жылғы 28 сәуірде пилоттық режимде іске қосылды. Ол Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай және Достық даңғылынан батысқа қарай шаршыда орналасқан. Пилоттық жоба 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Алматыдағы LEZ аймағының картасы / Фото: almaty-parking.kz
Жүйе операторы – "Алматы паркинг". Пилоттық кезеңде ешқандай шектеулер, айыппұлдар немесе кіру үшін ақы алынбайтыны атап өтілген болатын.
Ережебұзушылықтар қалай тіркеледі?
Ластаушы заттардың шығарындылар деңгейі автокөлікті техникалық байқаудан өткізу кезінде ТБС-да анықталады.
Бұған дейін LEZ аймағына кіру камералардың көмегімен автоматты түрде бақыланатыны хабарланған болатын. Олар мемлекеттік нөмірді оқып, автокөлік техникалық зерттеуден өткен-өтпегенін және оның нәтижесі қандай екенін автоматты түрде тексереді.
Аймақ шекарасында блокбекеттер мен шлагбаумдар болмайды. Көлік кірген кезде иесіне SMS-хабарлама жіберу жоспарланған, ал техникалық тексеруден өтпегені үшін кейін айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ бұған дейін қала тұрғындарынан ескі автокөліктерді сатып алу мәселесі әлі де қаралу сатысында екені хабарланған болатын – бұған бөлінетін бюджет пилоттық жобаның қорытындысынан кейін анықталады.
Алматы орталығына ақылы кіру
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты "Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын" бекітті. Құжат төрт бағытты қамтиды:
автомобиль көлігіне қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
III санаттағы стационарлық нысандарға қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
мониторинг жүргізу және заңбұзушылықтарды анықтау;
шығарындылар деңгейі төмен аймақты (Low Emission Zone, LEZ) ұйымдастыру.
Тағы оқыңыз: Камера әр автомобильді тексереді: Алматының LEZ аймақтарында жүргізушілер үшін не өзгереді?
