Олжас Бектенов Премьер-министр лауазымын сақтап қалды
Құрылтай депутаттары Олжас Бектеновті Қазақстан Премьер-министрі лауазымына тағайындауға келісім берді. Оның кандидатурасын 137 депутат қолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олжас Бектеновтің кандидатурасын Құрылтайдың қарауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Бектеновті премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім берді.
Дауыс беруге 144 депутат қатысты. Бектеновтің кандидатурасын 137 депутат қолдады, жетеуі қалыс қалды. Ешкім қарсы дауыс берген жоқ.
Олжас Бектенов өзіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғыс айтты.
"Біздің міндетіміз – Қазақстанның дамуын және Президент бастамашы болған, елімізді жаңғыртуға бағытталған саяси өзгерістерді қолдау. Бұл мемлекет дамуының жаңа кезеңі деп санаймын", - деді ол, атап айтқанда.
Енді Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қоюы тиіс.
Олжас Бектеновтің өмірбаяны
Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (қазіргі Maqsut Narikbayev University) үздік тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы қаласының әділет басқармасында бастап, кейін Премьер-министр кеңсесіне ауысқан.
2006–2009 жылдары Президент Әкімшілігінде, 2009–2012 жылдары Әділет министрлігінде жұмыс істеді. 2012–2014 жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратының департаментін басқарды.
2015 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Астана қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2015–2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі болды.
2016–2017 жылдары Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментін басқарды. 2017–2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылдың маусымында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылдың маусымынан 2022 жылдың ақпанына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары болды, ал 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды.
2023 жылғы 3 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бектенов Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысы Олжас Бектеновті Премьер-министр етіп тағайындады.
